Қазақша дыбыс моделі халықаралық Hugging Face платформасында жарияланады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыруға арналған «TTS» (Text-to-Speech) жобасы таныстырылды.

Жаңа өнімнің тұсауы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» тақырыбында республикалық конференцияда кесілді.
Конференцияға Үкімет мүшелері, белгілі ғалымдар мен сарапшы мамандар қатысты. Ал өңірлердегі тіл саясатына жауапты мамандар мен білім басқармаларының өкілдері онлайн форматта қосылды.

Жиында ғылым, білім, технология, тіл саясаты және цифрлық даму салалары талқыланып, мемлекеттік тілдің заманауи ғылыми-цифрлық кеңістіктегі орны мен мүмкіндіктері қарастырылды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыруға арналған «TTS» (Text-to-Speech) жобасын таныстырды. Бұл бастама қазақ тілінің дыбыстық қорын жасанды интеллект экожүйесіне енгізіп, оны ғылым мен технология саласында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Қазақша дыбыс моделі халықаралық Hugging Face платформасында жарияланады.

Конференция аясында «Ұлттық диктант» жобасы ресми түрде басталды. Диктант офлайн және онлайн форматта өткізіледі, оған кез келген азамат қатыса алады. Қатысушыларға баға қойылмайды, әркім өз сауаттылығын өзі тексереді.
Онлайн диктантты www.til.kz платформасындағы «Ұлттық диктант» парақшасында кез келген уақытта кез келген жерде жазуға болады. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.
Бұған дейін 15 тілде сөйлейтін қазақ қызымен сұхбат жариялаған едік.