Қазақша Уикипедияда неге кәсіби контент аз – Жас маман көзқарасы
АСТАНА. KAZINFORM – 10-сынып оқушысы қазақ тіліндегі Уикипедия мазмұнын байытуға үлес қосып жүр. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасы Рахман Төрегелдіні қонақ етіп, тілдесіп көрді.
– Уикипедияда мәтіндерді өңдеп, мақала жаза бастағаныма 3 жыл болды. Негізі идея анамнан келген. Бір күні анам маған: «Уикипедияны қазақ тіліне аударған адамдармен таныспын, ол жерде кез келген адам жаза алады», – деп айтты. Сол кезде қатты қызығып, бір мақаланы жазып көрдім. Алғаш осы істі 7-сынып оқып жүргенімде, қазан айында бастаған едім. Бірінші мақалам Бразилияның саясатына қатысты болды. Бірақ ол материал өшіріп тасталды. Себебі өте сапасыз жазғанмын. Алғашқы тәжірибемнен кейін Уикипедия әкімшілігі менімен байланысып, қателерімді түсіндірді және ары қарай бағыт-бағдар берді, – дейді №66 мектеп-лицейінің оқушысы.
Жас зерттеуші көбіне қай тақырыпта мақала жариялайтынын айтты.
– Бүгінге дейін көптеген тақырыпты қозғадым. Өкінішке қарай, нақты бір бағытта, нақты бір салада мақала жазбаймын. Не нәрсеге қызықсам, сол тақырыпта жаза беремін. Мен бір ақпарат іздеп, қазақ Уикипедиясына кірсем, ол мәлімет жоқ болып қалады. Өзге адамдар мұндай жағдайға кезікпесін деп, ақпаратты қазақ тілінде жүктеуге тырысамын, – дейді Рахман.
Студия қонағы Уикипедиядағы қазақ тілді контенттердің басты мәселесіне тоқталды.
– Спорт, саясат және мәдениет тақырыптарында қазақша жазылған ақпараттар тым аз. Тарих туралы жазбалар көп болғанымен, ол тек Қазақстан мен бізге жақын елдердің тарихымен ғана шектеліп жатады. Ал Еуропа, АҚШ сынды шалғай елдер туралы дерек табу қиын және заманауи әншілер, футболшылар тақырыбы да аса қамтылмаған. Өкінішке қарай, біздегі Уикипедияның қауымдастығы өте кішкентай және өз саласының мамандары, ғалымдары жоқ. Мысалы, орыс Уикипедиясында ғалымдар отырады. Олар жиі кездесіп тұрады. Ал бізде әзірге оншалықты деңгейде Уикипедия мәдениеті дамыған жоқ, – дейді ол.
10-сынып оқушысы бүгінге дейін Уикипедиядағы қазақтілді ақпараттардың бірталайын өңдеп үлгеріпті.
– Бүгінге дейін Уикипедияға 50-ден аса мақалам жүктелді. Бірақ мен көбіне қазақ тілінде жазылған мәліметтерді толықтырып, өңдеумен айналысамын. 7500-ден астам мақаланы қайта өңдедім. Кез келген ақпаратымды жариялар алдында міндетті түрде фактчекинг жасаймын. Бірнеше дереккөз тауып, ондағы ақпараттардың сәйкестігін тексеремін. Сенімді болмаған кездерімде өзге тілдегі Уикипедия бөлімдерінен қарап көремін. Ондағы дереккөздерді оқимын, – дейді оқушы.
Рахман Төрегелді бірнеше тілде еркін сөйлейді. Бұл қабілеті ақпарат жинауда көп көмектесетінін жеткізді.
– 3 тілде еркін сөйлей аламын. Олар – қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Бұл маған ақпараттарды жинауға мүмкіндік береді. Көптеген мәлімет қолжетімді. 1 не 2 тілмен ғана шектеліп қалмайсың. Оның үстіне, әлемде көп ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Сондықтан көп тіл білу шексіз мүмкіндіктерге жол ашады, – дейді студия қонағы.
Қазақ тілінің жанашыры Уикипедияға мақала дайындауға қанша уақыт жұмсайтынын да айтып берді.
– Уикипедияға қысқа мақала жазу үшін 2 сағаттай кетеді. Ал ауқымды, көп ақпарат беретін мақалаға 5–6 сағат жұмсаймын. Тіпті, Қайрат Рысқұлбековке қатысты мақаламды 2 апта жаздым. Себебі дереккөздер өте аз болды. Мен ақпаратты көбіне орыс тілінде таба алдым және сол ақпаратта көрсетілген дереккөздерді де қарауым керек болды, – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы жастарды толғандыратын түйткілдердің шешімін бірлесіп іздеу қажет екенін айтқан еді.