Қазақша үйренгісі келетіндер өте көп, келешекте олардың қатары одан сайын артады — блогер Алина Кан
Танымал TikTok блогері әрі ұстаз Алина Кан — қазақ тілін кез келген адам меңгере алатынына жарқын мысал. Бойжеткен орыстілді отбасында өсіп, қазақша алғашқы сөзін көрші ұлдардың арқасында үйренген. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мұғалімі болуды армандай бастады. Арада жылдар өткенде мақсатына жетті. Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Алина жетістікке қалай жеткенін және TikTok платформасында білім контентін жасауға не түрткі болғанын айтты.
— Білім контентінің авторы ретінде TikTok аккаунтыңызды дамытуды бастауыңызға не түрткі болды? Бәрі бірден ойдағыдай орындалды ма?
— Желіден өзім сияқты қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін көп кездестірдім. Алайда олардың ешқайсысы тіл үйрену тәжірибесін бөліскен жоқ. Ол кезде мен қазақ тілінен онлайн сабақ беріп жүргенмін. Осылайша өзімнің TikTok парақшам арқылы платформа пайдаланушыларымен мемлекеттік тілді үйренуге қатысты пайдалы ақпаратты бөлісу идеясы туды. Бастапқыда қарапайым ережелерден бастау жөнінде шешім қабылдадым — дыбыстарды, жиі қолданылатын сөз тіркестері және т. б. дұрыс айту. Шынымды айтсам, алғашқы бейнебаянымды 20 рет түсірдім.
Қорқыныш пен күмән көп болды, бірақ бұл кедергіден өтіп, өзім туралы видео түсірдім. Осы бейнематериалдан басқа парақшамда тағы бірнеше жарияланым жасадым. Нәтижесі көп күттірмеді. Келесі күні аккаунтыма 200 адам жазылды. Ойлаңызшы, TikTok парақшамды жүргізуді енді ғана бастадым, ал көптеген бейтаныс адамдар бірден жазыла бастады. Бұл мені шабыттандырып, жаңа видеолар түсіре беруге шабыттандырды.
— ТикТоктан пайдалы контент тетігін «тапқаныңызды» қай кезде түсіндіңіз? Ол қандай компоненттер екенін айтып беріңізші?
— Оқырман мен қаралым саны артқан кезде түсіндім. Аудиториям кеңейе бастағанда-ақ менің істеп жатқаным адамдарға керек екенін ұқтым. Өзіме қызықты болатын дүниелерді жасауға тырыстым. Осылайша қазақ тіліндегі әзіл-қалжыңы бар бейнероликтер пайда болып, ақыры платформа қолданушылардың көңілінен шықты. Танымдық видеоларды мүмкіндігінше кең аудиторияға қолжетімді етуге тырысамын. Оқырман тарапынан жігерлендіретін пікір көп аламын. Сондай-ақ, TikTok-та табысқа жету үшін жүйелілік маңызды: аптасына кем дегенде 3-4 бейнеролик түсірілуі керек.

— Сіз тіл үйретудің қызықты тетігін тапқан сияқтысыз. TikTok-тағы білім беру әлеуетін қалай бағалайсыз?
— Білім контентінің мүмкіндігі көп, әсіресе, қазақ тілі туралы танымдық бейнероликтер жоғары бағаланады. Сондықтан платформада өзін сынап көргісі келетіндерге аудиторияға пайда әкелетін нәрсені істеуге кеңес беремін.
— Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?
— Көбі мені қазақ тілін туғаннан біледі деп ойлайды, бірақ олай емес. Негізі қазақша алғашқы сөздерімді көрші Нұршат пен Абай деген екі баладан үйрендім. Айналамыздағы нәрселерді аударып, сөйлеуге үйреткен солар болды. Уақыт өте кей сөздер мен сөз тіркестерін өз түйсігіммен түсініп айта бастадым. Кейін орыстілді мектепке бардым, бірақ қазақтілді достарыммен араласуды жалғастыра бердім. Қазақ тілі де менің мектептегі сүйікті пәндерімнің біріне айналды, оны бізге тамаша ұстаз — мені мұғалім болуға талпындырған кісі үйретті. Бірақ 11-сыныпқа дейін түрлі сайыстарға қатысып, грамматиканы жетік білгеніммен, қазақшам жетілмеген еді. Қосымша оқу уақыты келгенде тек «инженер метролог» техникалық мамандығына, дәлірек айтсақ, көліктегі стандарттау, сертификаттау және метрология маманы ретінде грантқа түсе алдым. Оның үстіне қазақ тобында оқыдым, бұл техникалық терминологияны меңгеруді біршама қиындатты. Бұл кезең мен үшін үлкен бетбұрыс болды. Бәрін аударма жасап оқыдым. Бірақ соңында көп қиналыстан кейін төселіп шықтым. Үлкен тәжірибенің арқасында қазақшам әлдеқайда жақсарды.
— Негізгі аудиторияңыз кімдер? Олардың жұмысыңызға бағасы қандай?
— TikTok-тағы оқырмандарымның арасында еліміздің патриоттары өте көп, бәрі — қазақтар. Олар өзге ұлттың қызының өздерінің ана тілінде қалай сауатты, әдемі сөйлейтінін қарап, бақылайды. Олар мені, сабақтарымды мақтап оң пікірлер жазып тұрады. Оқырмандарымның екінші жартысы — менің видеосабақтарым арқылы тіл үйреніп жүрген, қазақ тілін әлі жақсы білмейтіндер.
— Видеосабақтарыңыздың ішінде ең көп қаралым жинағаны қайсы болды? Оның сыры неде деп ойлайсыз?
— 2 миллионнан астам қаралым жинаған ең алғашқы бейнеролигім тақтада тұрып қазақ тілінің грамматикасын жан-тәніммен түсіндіріп бергенім болды. Екіншісі — аяқ астынан түсірілген бейнеролик болды. Құрбыммен серуендеп жүрдік, ол бір кезде аяқ киімін шешіп, қолына алды. Мен дереу камерамды алып, оны видеоға түсіре бастадым. Оқырмандарыма: «Қараңыздаршы, құрбым екеуміз қаланы аралап жүрміз, ал ол жалаңаяқ» деймін. Құрбым да қалыс қалмай, қазақша «Мен ауылда галош киіп үйреніп қалғанмын» деп жауап қайтарды. Оның шынайы шыққаны соншалық, адамдарға қатты ұнады. Нәтижесінде видеомыз желіге тарап, түрлі пабликтерде жариялана бастады.

— Аудиторияңыздың қазақ тілін үйренуге деген сұранысын қалай бағалайсыз?
— Қазақ тілін үйренуге деген сұраныс өте жоғары, болашақта бұдан да арта түседі. Ана тілін толық білмейтіндер көп. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Көбі орыстілді ортада өсті, оқыды және жұмыс істеді. Соңғы жылдары қазақстандықтардың өзін-өзі тану үдерісі белсенді жүріп жатыр, бұл бізді мемлекеттік тілге басқаша қарауға мәжбүр етеді. Ендеше қазақ тіліне деген сұраныс соғұрлым кең тарайтын болады.
— ТикТок арқылы оқытуды енді ғана зерттей бастағандарға қандай кеңес бересіз?
— Ең алдымен өзіңе ұнайтын іспен айналыс. Содан кейін күн сайын кешегіден де қызық дүние жасау үшін талпынасыз. Екіншіден, оны шын жүректен жасаңыз. Егер сіздің басты мақсатыңыз — үлкен аудиторияға және танымалдыққа жету болса, табысқа жете алмайсыз. Шын ниетіңізбен басқалар үшін пайдалы нәрсе жасасаңыз, сіздің күш-жігеріңіз басқалардың қолдауы арқылы өтеледі. Үшіншіден, бастаған ісіңнен бас тартпау керек. Көп адамдар бір видео салғаннан оқырман көбейеді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Сәттілік өткінші болмас үшін көп жұмыс істеу керек.
— Әңгімеңізге рахмет!