Қазақстан 1,5 мың адамға халықаралық іздеу жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 1,5 мың адамға қатысты халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жалпы отырыс барысында депутаттар Қазақстан сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдардың жалпы саны туралы сұрады. Сонымен қатар, күдікті адамдарды ұстап беру туралы екіжақты келісімдер жоқ елдермен өзара іс-қимылдардың тәртібі қалай жүретіндігі туралы сауал қойылды.

«Жалпы бізде 1 499 адам халықаралық іздеуде жүр, ал 1 026 мемлекетаралық іздеуде қамтылған», - деді А. Лукин.

Оның атап өтуінше, екіжақты келісім болмаған жағдайда тараптар өзара уағдаластық тәртібінде тиісті шешімге келеді.

«Мұндай тәжірибені көптеген елдермен кеңінен пайдаланып келеміз, оның ішінде еуропалық елдермен де іске асырылуда. Атап айтқанда, Германиямен арадағы іс-қимыл аясында өткен жылы олар бізге үш адамды ұстап берді. Сонымен қатар, біз тиісті конвенцияларды негізге аламыз, оның ішінде Минск конвенциясы бар», - деді Андрей Лукин.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар