Қазақстан 15 жылдың ішінде экономикасын 16, халық табысын 45 есе көтерді - Н.Назарбаев

Бүгін Ыстамбұлда өткен Түркия-Қазақстан іскерлік және инвестиция форумында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі миллион адамның жұмыссыз қалып, жалақы, зейнетақы төлейтін ақшаның болмағандығын еске салып өтті. «Инфлияция 1992-1993 жылдары жылына 2160 пайыз болды. Барлығы да Қазақстан еңбектеп Ресейге келеді, жалынады, сұрайды, ел, мемлекет бола алмайды деген болатын. Біз осы жылдардың ішінде оның барлығын жоққа шығардық. 1991 жылдан біз 1996 жылға дейін мемлекет болып қалуға күрестік. Боламыз ба, болмаймыз ба деген уақыт болды», деді ҚР Президенті.
Дегенмен 1996 жылдан 15 жылдың ішінде Қазақстан тарихында еш уақытта болмаған ең тез реформалар жасағандығын айта келе Н.Назарбаев: «15 жылдың ішінде ЖІӨ-ні жан басына шаққанда 400 доллардан 13 мың долларға дейін жеткізіп, экономиканы он алты есе көтердік. Халықтың табысын 45 есе көтердік», деді.