Қазақстан 163 елдің қатарында миграциялық тәртіпсіздікті жоюға бағытталған келісімшартты мақұлдады
Көші-қон жөніндегі келісімшартты қабылдауға арналған үкіметаралық конференцияға Қазақстан делегациясы қатысты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында атап өтілгендей, қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев бар.
«Қазақстан Қауіпсіз, реттелген және заңды миграция жөніндегі жаһандық келісімшартқа қосылуды қолдайды. Жаһандық келісімшартта мүше мемлекеттердің халықаралық көші-қон саласындағы ынтымақтастықты жақсартуға ұжымдық бейілділігі атап өтілуде. Бірқатар теріс факторларға қарамастан, миграция гүлдену, инновациялар және тұрақты даму көзіне айнала алады. Халықаралық миграция БҰҰ мемлекеттерін бөлмей, керісінше, біріктіріп отырғаны өте маңызды. Жаһандық келісімшарт миграцияға қатысты жалпы түсінік, міндеттер және мақсаттар тұтастығын орнатады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Көші-қон жөніндегі жаһандық келісімшартты тарихи деп атап, ол әлемдегі миграциялық тәртіпсіздікті жоюға көмектесетін «жол картасы» болып табылатынын айтып өтті.
Бүгінде әлемде 258 млн адам мигрант болып табылады, яғни өзге елде тұрып, еңбек етіп жүр. Босқындарға қарағанда, мигранттар басқа елге қудалау немесе өлім қаупінен емес, өз өмірін жақсарту, жақсы жұмыс табу немесе білім алу үшін барады.
Әдетте, көптеген мигранттар көк тиынға еңбек етіп, қауіпті жағдайларда жұмыс істеуге мәжбүр. Жұмысқа тұру үшін олар жоғары комиссиялық төлем жасайды. Бұған қоса, соңғы жылдары мигранттар оларды қабылдайтын елдерде кемсіту және қастыққа тап болып отырады.
Олай болғанымен, миграцияның көптеген артықшылықтары да бар: ол жұмыс күшінің жетіспеушілігі проблемасын шешеді, адамдардың мәдени, экономикалық және әлеуметтік салаларда өзара әрекеттестігіне септігін тигізеді. Туған елдеріне оралған мигранттар жинаған тәжірибесі мен ғылыми-техникалық әлеуетін пайдаланады.
Антониу Гутерриш жаңа келісімшартты көпшіліктің қолдағанын және оның аккламация жолымен қабылданғанын құптады. Ол келісімшарттың заңды түрде міндетті құжат болып табылмайтынын, миграция саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізі болып табылатынын атап өтті.
Фото МОМ/Р.Родригез