Қазақстан 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында өнер көрсетуді бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы жағажай волейболынан Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш жасөспірімдер Олимпиадасында алғашқы кездесуін өткізді. Олар жарыстың алғашқы ойынында Вафи Әл-Джасир мен Али Әл-Авамимен (Сауд Арабиясы) кездесті.
Қазақстандық спортшылар С тобындағы кездесуде 2:0 (21:13, 21:7) есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпионы.
2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты бүгін, 31 қазанда өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Сенегалдың Дакар қаласында өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек ұстап шығатынын жазғанбыз.