Қазақстан 2026–2035 жылдарға арналған биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасын қабылдады
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Үкіметі биологиялық әртүрлілікті сақтау және оны орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдаманы қабылдады. Бұл – табиғатты қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру және биоәртүрлілікті ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат.
Тұжырымдаманың қабылдануы Қазақстанның 1994 жылы ратификацияланған Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция шеңберіндегі міндеттемелерін орындауға бағытталған. Бұл құжатқа сәйкес қатысушы елдер ұлттық стратегиялар әзірлеуге міндетті. Сонымен қатар, Тұжырымдама 2050 жылға қарай табиғатпен үйлесімділікті қалпына келтіруге бағытталған Куньмин–Монреаль жаһандық биоәртүрлілік бағдарламасының ауқымды мақсаттарын іске асырудың негізі болып табылады.
Тұжырымдама – болашаққа бағытталған инвестиция, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру жолындағы көпжылдық жүйелі еңбектің жемісі.
Мамандардың, ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және БҰҰ Даму Бағдарламасымен Қазақстандағы серіктестік арқасында теңдестірілген әрі амбициялық құжат әзірленді. Бұл құжат биоәртүрлілікті қорғау бойынша нақты шараларды жоспарлаудың негізіне айналады, оның ішінде елдегі орманды алқаптарды ұлғайту, ормандарды өрттен қорғау шараларын жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту қарастырылған.
Тұжырымдама еліміздің игілігі мен орнықты дамуының негізі ретінде табиғи байлықты сақтау жолындағы басты бағдарға айналады.
Тұжырымдама Мемлекет басшысының бастамаларына тікелей қолдау көрсетіп, «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асырады. Оның идеологиясы тәсілді түбегейлі өзгертуге негізделген: яғни келтірілген залалдың салдарымен күресуден – проактивті басқаруға және табиғи капиталдың таза өсімін қамтамасыз етуге көшуді көздейді.
Конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылатын бұл құжат нақты нысаналы индикаторларды және басым бағыттарды іске асыру бойынша нақты шараларды белгілейді.
– Биоәртүрлілікті сақтау – планетамыздың болашақтағы өміршеңдігін айқындайтын ортақ жауапкершілік. Осы құжаттың қабылдануы экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға және еліміздің табиғи байлығын келешек ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Қабылданған Тұжырымдама ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің кең ауқымды салааралық жұмысының нәтижесі болып cаналады. Құжат Қазақстандағы БҰҰДБ-ның қолдауымен, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан жоба шеңберінде және ұлттық сарапшылар қауымдастығының қатысуымен әзірленді.
– Тұжырымдаманың бекітілуі – мемлекеттік органдардың, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының жемісі. Құжатты әзірлеу барысында халықаралық тәсілдер мен ұсынымдарды ескере отырып, негізгі ұлттық басымдықтарды айқындау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қазақстанның табиғатты қорғау қауымдастығын осынау маңызды стратегиялық құжаттың қабылдануымен құттықтаймын, – деп атап өтті Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) директоры Вера Воронова.
Тұжырымдама 8 негізгі бағытты және 13 нысаналы индикаторды қамтиды.
Бірінші бағыт – біртұтас экологиялық желіні және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту. Мұндай аумақтарды құру өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің нысандарын сақтаудың ең тиімді тетігі әрі жалпыәлемдік тәжірибесі болып саналады.
Жалпы, 2035 жылға қарай ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін 31 млн гектардан 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Екінші бағыт – ормандарды күзету мен молайтудың тиімділігін арттыру, орманды орнықты пайдалануды дамыту.
Қолда бар ормандарды сақтай отырып және орман дақылдарын отырғызу көлемін ұлғайту арқылы еліміздің орманмен қамтылған аумағын 14,7 млн гектарға жеткізу жоспарлануда (қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 13,9 млн гектар).
Тағы бір маңызды бағыт – ағаш ресурстарын ұтымды пайдалану. Тұжырымдамада отандық ағашты терең өңдеуді енгізу және 2035 жылға қарай ағаш өңдеу саласының өнімін бес есеге арттыру қарастырылған.
Үшінші бағыт – жануарлар дүниесін мониторингілеу, қорғау және орнықты пайдалану жүйесін жетілдіру.
Бұл ретте Тұжырымдамада Қызыл кітапқа енген жануарларды сақтауға және олардың санын тұрақты түрде арттыруға, сондай-ақ аңшылық (оның ішінде трофейлік аңшылық) нысаны болып табылатын жабайы жануарларды орнықты пайдалануға бағытталған бірқатар іс-шара қарастырылған.
Төртінші бағыт – ихтиофауна және табиғи балық ресурстары. Бұл салалар мониторинг жұмыстарын күшейтуді және қауіп-қатердің барлық түрлерін терең зерттеуді талап етеді.
Бесінші және алтыншы бағыттар өсімдіктер дүниесі бойынша ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ жайылымдардың тозуы сияқты өзекті мәселені қамтиды. Мониторинг, түгендеу және озық ғылыми негізделген шешімдерді қолдану – қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұрудың негізгі жолдары болып саналады.
Соңғы екі бағыт биоәртүрлілікті сақтау мен орнықты пайдаланудың бүкіл жүйесінің негізі мен діңгегі болып табылады. Биоәртүрлілік туралы барлық деректерді жинақтау және жүйелеу, сондай-ақ индикаторлардың тиімді жүйесін құру осы бағыттағы ұзақ мерзімді стратегияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биология ғылымдарының кандидаты Александр Бербердің пікірінше, биоәртүрлілік саласындағы ұлттық міндеттерді айқындау және тұжырымдамалық құжатты бекіту мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жеке сектордың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл тек сирек кездесетін және негізгі түрлерді ғана емес, бүкіл биоәртүрлілікті сақтау мен қалпына келтіруге жол ашады. Себебі аталған шаралар тек қорғау іс-шараларымен ғана шектелмей, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасын қорғаумен де тікелей байланысты.
Қабылданған Тұжырымдама Қазақстанның Орталық Азиядағы табиғатты қорғау саласындағы көшбасшылығын нығайтады. Сонымен қатар, ол орнықты әрі үйлесімді болашақ құруға бағытталған жаңа ұлттық және халықаралық серіктестіктер үшін бірегей платформа қалыптастырады.
Айта кетейік, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы керқұландарды бақылауды күшейтті.