Қазақстан 2027 жылы Олимпиадаға іріктеу турнирін қабылдауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Геннадий Головкин мен Халықаралық ат спорты федерациясының президенті Ингмар Де Вос кездесті. Тараптар Қазақстанның 2027 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу турнирін өткізу жөніндегі өтінімін және елде ат спортын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.
Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Бас директоры Нұрлан Нөгербек, Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев пен федерация вице-президенті Ерлан Каналимов қатысты.
Кездесуде Қазақстанда ат спортын дамыту, FEI ұйымымен ынтымақтастықты нығайту және елімізде ірі халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндіктері сөз болды.
Тараптар Астанада конкурдан Әлем кубогы кезеңдері мен FEI Jumping World Challenge финалының сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу турнирін 2027 жылы қабылдау жөніндегі өтінімі талқыланды.
Ингмар Де Вос бұл бастаманы жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. FEI басшысы Қазақстанның артықшылықтары ретінде дамыған спорт инфрақұрылымын, географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуын және шетелдік қатысушылар үшін виза алу рәсімдерінің жеңілдігін атап өтті.
— Қазақстанда дамытуға әлеуеті зор ат спортының бір түрі — қашықтыққа шабу (Endurance). Бұл бағытты дамытуға халқымыздың жылқы баптаудағы бай тәжірибесі мен ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы тұқымдарының табиғи қасиеттері негіз бола алады, — делінген хабарламада.
FEI басшысы бұл жарыс түрінің ерекшеліктеріне тоқталып, оны Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу мүмкіндіктері мен осы мақсатта шешілуі тиіс техникалық мәселелер туралы айтып берді.
Ингмар Де Вос Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ұлттық және халықаралық спорт федерацияларымен байланысты нығайту бағытындағы жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ мұндай ынтымақтастықтың спортты дамытуға және спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу соңында FEI президенті Қазақстанның ат спортын дамытудағы әлеуетін жоғары бағалап, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді.