Қазақстан 2030 жылға қарай электр энергиясының 15 пайызын ЖЭК-тен алады

АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға дейін елімізде жаңартылатын энергия көздері бойынша ондаған жоба іске қосылады. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов айтты.

возобновляемые источники энергии
Фото: Kazinform

- Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне қарқынды түрде инвестиция салып жатыр және биыл тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бізді жалпы қуаты 3,2 гигаватт болатын 108 жаңартылатын энергия көзі қондырғысы бар. 2024 жылы жалпы өндірілген энергияның 2,8 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болды. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері өндіретін энергия көлемін 15 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біз тек жоспарлап қана қоймай, нақты іс-әрекеттер де жасап жатырмыз, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, Үкімет жаңартылатын энергия көздеріне инвестицияны қолдауға бағытталған бірқатар жобаны мақұлдады.

- 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері бойынша ондаған жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қуаты 6,4 гигаватт болатын күн және жел электр энергиясына да аукцион жариялаймыз. Осылайша, алдағы 5 жылдың ішінде жаңартылатын энергия көздерін барынша кеңейтетін боламыз, - деді Санжар Жаркешов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы қатысушылары мен қонақтарына арнайы үндеу жолдаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар