Қазақстан 2030 жылға қарай ЖИТС-ті тоқтатуға қауқарлы болады

«ЖИТС-пен күрес бойынша БҰҰ Бағдарламасы Бас Ассамблеяда 2030 жылға қарай барша әлемде ЖИТС-ті тоқтату мақсатын қойды және бұл міндетті барлық мемлекеттер қабылдады. Қазақстанда бұл мақсатқа айтарлықтай ертерек қол жеткізу үшін барша мүмкіндіктер бар», - деді М. Сидибе.
Сонымен қатар ол 2030 жылға қарай Орталық Азияның барлық елдерінде де ауруды жеңуге мүмкіндік бар екендігін атап өтті.
«Менің ойымша, Орталық Азия елдері бұндай деңгейге жетуге қауқарлы. Осы ретте қажетті тетіктер, тиісті білім мен ақпарат бар. Сондықтан індетті тоқтату үшін мүмкіндіктер баршылық», - деді М. Сидибе.
Мамандардың айтуынша, инъекциялық есірткіні пайдалану арқылы ауруларды жұқтыру проблемасын шешуге ерекше назар аудару қажет. Статистика бойынша Шығыс Еуропа, сондай-ақ Орталық Азияда АИТВ-ны жұқтыру оқиғаларының 51 пайызы инъекциялық есірткіні пайдаланатын адамдар арасында орын алуда.