«Казақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы жаңа жобаларды қолға алды

«Зияткер ұрпақ» жобасының мақсаты - еліміздің ауылды жерлеріндегі өскелең ұрпаққа тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өзін дамыту, кәсіби бағдарын анықтау, жеке қабілетінің ашылуына және дамуына ықпал ететін алаң құру, жоғарғы сынып оқушыларының азаматтық белсенділігін арттыру. Білім алу барысында, кейін қызметте жетістікке жету үшін ынтасын дамыту, өз қарымына деген сенімін нығайту. Жоба 2014 жылы басталды, ал 2016 жылы оның бағдары өзгерді. Бұдан былай оған еліміздегі түрлі кәсіп саласының табысты өкілдері қатыса алады. Өзінің табыс жолымен, жетістікке қол жеткізу тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпаққа асқақ арманға жетелер рух бергісі келетін кез келген адам «халық ағартушылары» қатарына қосыла алады. Сонымен қатар, «Зияткер ұрпақ» жобасы ауыл мектептерімен бірге, қалалық жалпы білім беру ұйымдарын да қамтиды.
2014 жылдан бері жоба аясында 350 ашық сабақ өткізіліп, 20 000 - нан аса мектеп оқушылары қатыстырылды. Оқушыларға дәріс оқу үшін еліміздегі түрлі кәсіп саласының сәттілікті серік еткен өкілдері шақырылды.
«Қоғамдық шеберханалар» жобасы - қоршаған ортаны сақтауға бағытталған бірегей жоба. Бұл жобаның негізгі міндеті - сынған тұрмыстық техниканы қайта іске келтіретін мамандардың басын біріктіріп, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру.
Әлбетте, Қозғалыстың бұл мәселенің шешімін табуда өз ұсынысы бар. Шеберханаларда техниканы жөндеу және арнайы қайта өңдеу пункттеріне жөнелту мүмкіндігі қолжетімді болмақ.
«Краудсорсинг» жобасы аясында тиімді электронды коммуникациялық алаң құрылып, оның негізінде әрбір адам өз идеясымен бөлісіп немесе басқа адамның жобасының жүзеге асуына көмектесе алады. Осылайша, билік пен халық арасындағы кедергілер жойылады.
«Solicitous Oil Worker» жобасы вахтадағы мұнай жұмысшыларына арналған. Жоба аясында белсенділер вахталық қалашықтарға барып, диалогтық алаңда кездесулер өткізеді. Жұмысшылар әлеуметтік жобаларға қатысумен қатар, өз идеяларын жүзеге асыра алады. Қозғалыс тарапынан әлеуметтік жобаларға ұсыныстар жасалынады. Ең үздік жобалардың таныстырылымы кейін форумда өтеді.
«Ұжымдық еріктілік» жобасы - HR мамандарының өз компанияларында еріктілік жобаларды жүзеге асыруға көмектесе алатын біліктілікті арттыруға бағытталған жоба.
«Жасыл сабақ» жобасы аясында 2-4 сынып оқушыларына табиғи ресурстарды сақтаудың қарапайым жолдары үйретіледі. Жоба республика бойынша 100 мыңнан аса бастауыш мектеп оқушыларын қамтиды деп жоспарлануда. Әдістемелік құралдар ретінде анимация элементтерімен балаларға оңай түсіну үшін бейімделіп жасалған 5 тақырыптық бейнесабақ шығарылмақ.
Аталған жобалар ойлау қабілетінің трансформациялануына, адамдардың мінез-құлық моделінің өзгеруіне және азаматтық қоғам институттарының дамуына ықпалын тигізетін шара кешендерінен тұрады.
Қозғалыстың биылғы жұмысы негізінен білім беру жобаларына арналады. Бұл азаматтарда әлеуметтік-жауапкершілікке деген ерекше көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қозғалыс құру идеясы Мемлекет басшысының ұсынысы еді.
2013 жылы 29 қарашада «Болашақ» Стипендиясының 20-жылдығына арналған Форум өткен болатын. Онда Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан-2050» Стратегиясы - бұл біздің 21 ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол біздің халық ұмтылатын ұлы істерге бастайды. Мен сіздермен бұрыннан беру ойда жүрген идеяммен бөліскім келеді. «Болашақ» бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын», - деген еді.
Бұдан кейін 6 желтоқсанда Астанадағы Назарбаев Университетінде бастамашыл азаматтар тобы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының құрылғанын мәлімдеді.