Қазақстан 6 айда 39,6 млн тонна мұнай экспорттаған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 6 айда 49,9 млн мұнай өндіріп, 39,6 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.

мұнай
Фото: Midjourney

- Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 49,9 млн тоннаға жетіп, былтырғы 6 айдың көрсеткішімен салыстырғанда 111,6% болды. Жыл қорытындысы бойынша 96,2 млн тонна мұнай өндіру күтіліп отыр, - деді ол.

Айтуынша, Қазақстан алғашқы жартыжылдықта 39,6 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл былтырғы 6 айдың көрсеткішінен 11,9% көп.

- Жыл қорытындысы бойынша 70,5 млн тонна мұнай экспорттау жоспарланып отыр, - деді Энергетика министрі.

Еске салсақ, ОПЕК есебінде Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаға мұнай жеткізуде басты рөл атқаратыны айтылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар