Қазақстан АЭС құрылысы аяқталғаннан кейін оның толыққанды иесі болады – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Болашақ атом электр станциясының меншік иесі, операторы, уран шикізатын өндірушісі және барлық технологиялық процестің иесі Қазақстан болады. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы мәлімдеді.

Энергетика министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Алмасадам Сәтқалиев конкурс арқылы іріктеудің басты талаптарының бірі станцияның қазақстандық мамандар күшімен тәуелсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осы мақсатта кадр даярлау жүйесін, индустриялық-техникалық базаны құру және құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін барынша жергіліктендіру көзделіп отырғанын да тілге тиек етті. 

– Бұл Қазақстан экономикасына бағытталған ірі инвестициялар екенін түсінеміз. Және толық жауапкершілікпен айта аламын: атом технологиялары бойынша Ресейге тәуелділік тәуекелдері өте төмен, іс жүзінде жоқ. Бұл шарттар келісімшартта нақты бекітілген, - деді ол.

Өзара іс-қимыл формуласы қарапайым: «Келді, салды, оқытты – кетті». Сонымен қатар Қазақстанда жылу бөлетін жинақтар (ТВС) өндірісі жолға қойылады. Елде уран қоры бар және отын таблеткаларын өндіру бұрыннан жүргізіліп келеді. Бұған қоса, Қазақстан уран конверсиясына арналған канадалық компаниялардың лицензияларына ие және Ресей мен Қытай серіктестерімен ынтымақтастық орнатқан.

– Жобаны іске асыру елімізде шикізат өндіруден бастап ядролық отын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толыққанды, өз-өзін қамтамасыз ететін атом кластерін құруға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, атом энергетикасын және уран өнеркәсібін дамытудың басты мақсаты, - деді Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан екінші АЭС салатын консорциумның тізгінін Қытайға беруді жоспарлап отырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар