Қазақстан АҚШ шерифтерінің тәжірибесін зерттеп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігінің және ведомствоның оқу орындарының делегациясы АҚШ-қа оқу-таныстыру сапарымен барды. Бұл жайында ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек кезекті брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан АҚШ шерифтерінің тәжірибесін зерттеп жатыр

«Бұл сапардың мақсаты - Америка Құрама Штаттарында полиция кадрларын даярлау және қоғамға бағытталған полиция саласындағы тәжірибесін зерттеу болатын.

Қазақстандық полицейлер Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Қазақстандағы бағдарламалық кеңседегі және Венадағы Штаб-пәтердегі қызметкерлерімен бірге Делавэр, Вирджиния Штаттары полициясының және Монтгомери округінің полиция департаментіндегі әріптестерімен кездесті», - деді ол.

Шұғыла Тұрлыбектің сөзіне қарағанда, қазақстандық тәртіп сақшылары кандидаттарды жалдау және жұмысқа алу процестерімен, бұрыннан қызмет атқаратын сақшыларды және жаңа қызметкерлерді даярлауға арналған оқу бағдарламаларымен, сондай-ақ қоғамға бағдарланған полиция қызметін ұйымдастырудағы қолданыстағы тәсілдермен танысқан

«Есірткіге қарсы күрес басқармасы академиясында (DEA) және Федералды тергеу бюросының академиясында (FBI) кездесулер кезінде кәсіптік оқыту мен тиісті полиция инфрақұрылымына ерекше назар аударылды», - деді ІІМ өкілі.