Қазақстан алдыңғы қатарлы әлемдік ақпарат ресурстарына кепілдендірілген қолжетімділікті қамтамасыз ететін лицензиялық келісімге ТМД елдерінде алғашқы болып қол қойды
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасымен ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы ғылым ұйымдарының әлемдік ақпарат ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз еткен болатын. Ұлттық Лицензияға қол қою - әлемдегі рейтингісі жоғары ақпаратты іздеу және бағалау құралы болып табылатын ThomsonReuters (АҚШ) және Springer (Германия) компаниялармен үздіксіз ынтымақтастыққа дәлел.
Аталмыш шара тәуелсіз еліміздің басты жетістіктерінің бірі болып есептеледі.
Қазақстан ғылымы ғылыми-зерттеу қызметінің жаңа сатысына көшіп, әлемдік ғылыми кеңістікке өз жаңалықтарымен енуге әзір. Ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялармен бірлесе қызмет ету қазақстандық ғылымның халықаралық аренадағы мәртебесін көтерумен қатар, бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Қол қою салтанаты рәсімінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі академик Б.Т. Жұмагұлов, Thomson Reutersкомпаниясының вице-президенті Эрик Ян Ван Клиф, Springerкомпаниясының президенті Питер Гоеберг алғысөз айтып, жиынды ашты.
Министр Жұмағұловтың айтуынша, ТМД елдерінің арасында қазақстандық ғалымдар алғашқы болып ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы ресурстарға қол жеткізбек. Аталмыш дерекқорда 16 мың кітап, 2,5 мың алдыңғы қатарлы ғылыми журналдар, барлығы 7 миллион мақалалар мен жарияланымдар бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздің мақсатымыз - ғылымның өркендеуіне жаңа леп беру, дұрыс бағдар көрсету» деген болатын өз сөзінде. Бүгінгі шараның аясындағы дерекқорға қол жеткізу - сол мақсатты орындаудың бір тармағы болып есептеледі. Ұлттық Лицензияға қол қою республиканың барлық ғылыми қоғамы үшін маңызды жетістік болып табылады, - деп атап айтты Б. Жұмағұлов.
Қазақстан ғылымының әлемдік ғылымға тиімді біріктірілу мәселесін шешу, жүргізілетін зерттеу деңгейлерін арттыру үшін ғылымды әлемдік ақпараттық ресурстарға, жетекші шетелдік беделді ғылыми басылымдар мен жарияланымдарға қол жеткізуін ақпараттық қамтамасыз етіп отыру қажет.
Бүгінгі шара туралы ThomsonReuters компаниясының вице-президенті Эрик-Джан Ван Клиф: «Мен Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым комитетіне әріптес ретінде ThomsonReuters компаниясына таңдау жасағаны үшін өз ризашылығымы білдіремін. Ұлттық келісім алдағы 3 жыл бойы дерекқормен жұмыс істеуге кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық ғылымның әлемдік аренаға шығуына мүмкіндік береді», - деп, өз ойын білдірді.
Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20- жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Аталған компания ресурстарына қол жеткізу ғылыми-техникалық қызмет деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді, ғылыми-зерттеу белсенділігін ынталандыру мақсатын көздейді, Қазақстан ғылымының халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік туғызады.
Сонымен қатар, министрлік басшысы Қазақстан ғалымдарына шетелдегі және Қазақстандағы жоғарғы дәйектілікке қол жеткізгендігі үшін: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒА мүше-корреспонденті, А.С. Жұмаділдаевты, ҚР ҰҒА академигі Б.Н. Мұқашевті, тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы М.Х. Әбусейітованы марапаттады. Сонымен қатар, импакт-факторы (әсерлік-фактор) ең көп ғылыми журнал болып «Мұнай және газ» журналы болып белгіленді.
Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен даму институттары, қазақстандық ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық ұйымдар, елшіліктер мен консульдық өкілдері, халықаралық сарапшылар, жетекші ғалымдар, Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Жиын аясында Қазақстан жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.