12:22, 21 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстан алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен тұрақты әуе байланыстарының желісін кеңейтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 7 жаңа әуе бағдары ашылды. Бұл туралы бүгін Астанада әуежай мәселелеріне арналған ИАТА конференциясында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті.

«Әуе сапарларының географиясын кеңейту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында биыл 7 жаңа бағдар ашылды. өткен жылы 13 бағдар ашылған болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен тұрақты әуе байланыстарының желісі кеңейтіледі», - деді комитет басшысы.
Қазіргі кезде Астана қаласы әуежайынан 12 халықаралық қаржы орталықтарының ішінде жетеуіне рейстер орындалуда.
«Атап айтқанда, Франкфурт, Бейжің, Ыстамбұл, Мәскеу, Сеул, Лондон және Парижге рейстер қамтылған. 2019 жылға дейін Астанадан тағы бес бағыт ашылады деп күтілуде, яғни Дубай, Гонконг, Токио, Сингапур, Нью-Йорк қалаларына тасымалдаулар іске асырылады», - деді Б. Сейдахметов.