Қазақстан әлемде CASHLESS-экономика ретінде мойындалған - Жаслан Мәдиев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан транзакциялардың 90 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізілетін CASHLESS-экономика ретінде мойындалған. Бұл туралы Taldau Talks подкастында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Жаслан Мәдиев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Соңғы 10 жылда цифрландыру саласына, цифрлық трансформацияға өте үлкен инвестиция салынды. Соның нәтижесінде еліміз бүгінде цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсету бойынша посткеңестік кеңістікте, жалпы жаһанды көшбасшылардың қатарында келеді. Яғни, біз БҰҰ-ның электронды үкімет деңгейі бойынша ТОП-24, онлайн-қызметтер сапасы бойынша ТОП-10 елдің қатарына кіреміз. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Қазақстан транзакциялардың 90 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізілетін CASHLESS-экономика ретінде мойындалған, - деді министр.

Оның айтуынша, цифрландырудың қарқынды дамуына заңнамалық бастамалар да септігін тигізді. Нәтижесінде цифрлық құжаттар қағаз түріндегі құжатпен пара-пар болды.

- Меніңше, елімізде көпшілік жүргізуші куәлігі, жеке куәлік сияқты құжаттарды өзімен бірге алып жүрмейді. Өзімде банкке барғанда, көлік жүргізгенде, ұшақпен қатынағанда қағаз түріндегі құжаттарды өзімен бірге алып жүрмеймін, - деді Жаслан Мәдиев.

Министр еліміздің Ұлттық банкі әлемде алғашқылардың бірі болып CBDC (Central Bank Digital Currency), яғни цифрлық ақша жобасын іске қосқанын айтты.

- Әртүрлі елдегі 90-нан астам орталық банк осындай жобамен жұмыс істеп жатыр. Ал біз алғашқылардың бірі болып іске қостық. Қазірдің өзінде ритейлде бастадық. Яғни, адамдар оны қолдануда. Ұлттық банктің біртіндеп "wholesale market"-ке көшу жоспары бар. Мұнан бөлек бүгінде кейбір бюджеттік шығыстарға қатысты ілкі жобаларда цифрлық теңге қолданылып жатыр, - деді ол.

Айта кетейік, Taldau Talks – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізетін ашық диалог алаңы. Онда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары талқыланады. Бұл жолғы шығарылым Қазақстанда цифрландыру және жасанды интелектіні дамыту тақырыбына арналды.

Осыған дейін Жаслан Мәдиев пилотсыз көлік жобаларының авторларына ерекше құқықтық режим беруді ұсынған болатын. 

 

Соңғы жаңалықтар