Қазақстан алтын қорын көбейтті: оның қандай тиімділігі бар
АСТАНА. KAZINFORM – Таяуда World Gold Council ұйымы, яғни Дүниежүзілік алтын кеңесі кейінгі айда Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқанын мәлімдеді. Осылайша ел резервіндегі алтынның жалпы көлемі 298 тоннадан асқан. Алтын қорын көбейту не үшін маңызды, Қазақстан экономикасына қандай пайда тигізбек? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы жай-күйді білді.

Дүниежүзілік алтын кеңесі әлемдік рейтингте Халықаралық валюта қоры мен Еуропа орталық банкін есепке алмағанда Қазақстанның 18-орында тұрғанын жазған. Еліміз Ұлыбритания мен Ливанның ортасына жайғасқан екен. Ал үздік бестік өзгеріссіз қалды: АҚШ, Германия, Италия, Франция және Ресей. Бірінші орында тұрған АҚШ-тың алтын қоры биыл 8,13 мың тоннадан асқан.
Сонымен, елдің алтын қорының артуынан қандай пайда бар? Қаржыгер Ғимран Абдрахмановтың айтуынша, алтын қоры мемлекеттің экономикасында қауіпсіздік тетігі секілді рөл атқарады. Тіпті, инфляцияны төмендетуге де қатысы бар.

– Алтын қорының артуы, ең алдымен елдің тұрақтылығы мен қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Ол инфляцияны төмендету мен экономикалық қауіптерге қарсы «қауіпсіздік жастығы» іспетті дүние, яғни алтын экономиканың құбылмалы кезеңдерінде ең сенімді актив болып қала береді.
Еуро мен доллар валютасы тұрақты саналғанымен, алтын барлық кезеңде сенімді және қауіпсіз құрал саналады. Себебі экономиканың циклдік сипаты кезінде компания акциялары, валюталар және басқа активтер құбылып тұрады. Тіпті, өзіміздің теңгеміздің де тұрақсыз екенін көріп отырмыз. Сол себепті, алтын резервін жүйелі түрде толықтырып отыру – ең дұрыс әрі тиімді қадам, – дейді сарапшы.
Қазір Comex биржасында алтынның тройя унциясы 3,2-3,36 мың доллар аралығында саудалануда. Ал Ұлттық банк сайтында 1 грамм алтынның бағасы әр күні 54-56 мың теңгеге бағаланып жүр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзіміне қатысты жаңартылған деректерді жариялады. Соңғы деректерге сәйкес, қазіргі өндіру көлемін ескерсек, еліміздегі алтын қоры 30 жылға жетеді.