«Қазақстан алюминийі» АҚ-да металлургтер күні қарсаңында заманауи оқу орталығы ашылды (ФОТО)

Білім беру мекемесі мамандар біліктілігін көтеріп, даярлау курстарын өткізу үшін ашылды. Мұнда жылына 1000-ға жуық ЖОО, колледж түлектері білім алады деп жоспарлануда. Орталықта бес оқу сыныбы бар. Материалдық-техникалық базасы заманауи стандарттарға сай.
«Кәсіби мамандар даярлауға баса көңіл бөлінеді, - деді ашылу рәсімінде кәсіпорын басшысы А.Есенжолов. - Кәсіпорынға жастар көптеп келеді. Оларды бейімдеу үшін мұндай орталық аса қажет. Мұнда сала бойынша жан-жақты хабардар болады». Оқытушылар негізінен Павлодар аллюминий зауыты қызметкерлері ішінен алынды. «Колледж-зауыт» байланысын нығайтып, әріптес оқу орындарының ұстаздары да бұл жерде білімдерімен бөлісе алады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, басқа қалалардан келген металлургтер де дәріс оқитын болады. «Білім орнының ашылуы - металлургия саласында білікті мамандар дайындаудың бір ғана қадамы, - деді құрметті металлург, түсті металл колледжінің директоры А. Болдашевский. - Жастар колледжде білім алғанда, іс жүзінде қалай болатынын сезіне алмайды. Бұл бейімдеу, кәсіби тұрғыда білім алу үшін жақсы мүмкіндік болмақ». Құрылыс үш айда, металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында аяқталды. Сонымен қатар жаңа ғимаратта тарихи-өндірістік мұражай, кәсіподақ, зауыт ардагерлерінің кабинеті бар.