Қазақстан-американ ынтымақтастығының 20 жылдығына арналған конференция өтеді

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - 18 мамырда Астанада «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде «Қазақстан-АҚШ: қауіпсіздік пен даму әріптестігіне 20 жыл» атты халықаралық конференция  өтеді.
None
None

Шараны «Назарбаев орталығы» мен Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігіұйымдастырып отыр.

Конференция ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ Президенті үлкен Джордж Буштың шақыруымен 1992 жылы АҚШ-қа жасаған тұңғыш ресми сапарының 20 жылдығына орайластырылып, Қазақстан-американ стратегиялық әріптестігінің 20 жылдығына арналып отыр. Шара барысында ядролық қаруды таратпау және қысқарту, энергетикалық, сауда-экономикалық, технология, демократиялық құрылыс мәселелері, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздік салаларындағы Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы дамуының жай-күйі мен келешегіне басты назар аударылады.

 «Конференцияның мақсаты - қауіпсіздік пен дамудағы 20 жылдық әріптестіктің қорытындысына қанағаттану ғана емес, оны бүгінгі жаһандық талаптарға жауап беретін сапалы жаңа деңгейге көтерудің жолдарын белгілеу. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы мамырдағы Вашингтонға сапарындағы Американы ашумен басталған Қазақстан-американ қарым-қатынасы тәуелсіздік жылдарында сенімсіздік пен «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіндегі күдіктен шынайы стратегиялық әріптестікке дейін көтерілді», - дейді «Назарбаев орталығының» директоры, ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі комиссия төрағасы Қанат Саудабаев.

Қазақстандағы АҚШ Елшісі Кеннет Фэйрфакс өз кезегінде: «осы конференция арқылы біз Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақ жылдарға созылатын айрықша стратегиялық әріптестікті атап өткелі отырмыз», - деп мәлімдеді. Конференцияда Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК президенті Владимир Школьник, «Ақжол» партиясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин және басқа да саяси, қоғамдық ортаның көрнекті өкілдері сөйлейді деп күтіледі.

Американдықтар тарапынан К.Фэйрфакс, Ресей мен АҚШ-тың Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту (СШҚ) жөніндегі жаңа шарты жөніндегі Екіжақты Консультациялық комиссиясының мүшесі, АҚШ-тың ҚР-дағы бұрынғы Елшісі Джон Ордвей, ҚР-дағы АҚШ-тың тұңғыш Елшісі Уильям Кортни, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы директоры және «Назарбаев Университеті» Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дэвид Меркель, «Шеврон» компаниясының атқарушы вице-президенті әрі вице-төрағасы Джордж Киркланд, «Карнеги» Қоры, «Мұрагер» Қоры мен «Джеймстаун» Қоры және т.б. АҚШ-тың ықпалды орталықтарының жетекші сарапшылары сөз сөйлейтіні жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар