Қазақстан - антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бiрi - Нұрсұлтан Назарбаев

Мемлекет басшысының құттықтау сөзiн ҚР Денсаулық және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова оқып бердi.
"Әлем дәрiгерлерi ядролық соғысты болдырмау үшiн халықаралық қозғалысының 21-дүниежүзiлiк конгресiнiң қатысушыларына қош келдiңiздер деймiн. Форумның Қазақстанда - өз тарихында ядролық қарудан жапа шеккен және қазiргi уақытта әлем бойынша антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бiрi атанған елде өтуi символдық мәнге ие. Сiздердiң конгрестерiңiздiң жаһандық мақсаты өте өзектi және бiздiң ядролық қарусыздануға қатысты бастамаларымызбен үндес. Бiз Семей полигонын жаптық, әлем бойынша төртiншi ядролық қуатқа ие арсеналдан бас тарттық, Ақтауда жылдам нейтронды реактор жабылды, бiздiң бастамамыз бойынша жыл сайын 29 тамызда әлемдiк деңгейде ядролық сынақтарға қарсы күн аталып өтуде", - делiнген ҚР Президентiнiң үндеуiнде.
Қазақстан басшысы сонымен қатар осындай жиындар антиядролық мәселелердi әлемдiк қауымдастыққа белсендi жеткiзуге мүмкiндiк беретiн бiрден бiр тиiмдi құрал екендiгiн атап өттi.
"Бiз 2012 жылы тамыз айында ядролық қарусыз әлем құру бағытында "АТОМ" жобасын жасақтадық. Оған 120 елден астам он мыңдаған адамдар қолдау бiлдiрдi. Форумның өткiзiлуi ядролық қарудан ада әлемдi құруға және осы бағытта белсендi iс-қимылдар жасау бағытындағы дәрiгерлердiң таңдауы дұрыс болғанын тағы бiр дәлелдейдi деп есептеймiн. Осындай кездесулер жақсы дәстүрге айналып, осы құрметтi iсте жаһандық қарым-қатынас пен әрiптестiктiң тиiмдiлiгiн арттыратын құралдардың бiрi болатынына сенiммен қараймын", - дедi Елбасы.
Конгрес "Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге" атты тақырыппен өтуде. 30 тамызда делегаттар Семей қаласына аттанбақ. Айта кетейiк, Әлем дәрiгерлерi ядролық соғысты болдырмау үшiн халықаралық қозғалысы 1980 жылы америкалық профессор Б. Лаунмен және ресейлiк дәрiгерлер Е. Чазов пен Л. Ильин құрған.