18:09, 31 Мамыр 2010 | GMT +5
Қазақстан АӨСШК-нің төрағалығы мансабында Ыстамбұлда соңғы шара өткізеді
АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше елдердің Мемлекет және Үкімет басшылары саммитінің қарсаңында маусымның 5-6-сы күндері Ыстамбұлда ҚР Сыртқы істер министірінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті отырысы өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның АӨСШК-нің төрағалығы мансабында өткізетін соңғы шарасы, себебі келесі аптада Азия кеңесіндегі төрағалық Түркияға өтетін болады. «АӨСШК-нің 3-ші саммитінің саяси декларациясы жобасының жұмысын аяқтау отырыстың негізгі мақсаты болып табылады. Оның қабылдануы ынтымақтастықтың жалпы азиялық кеңістігін қалыптастыру үдерісіне тың серпін беруі тиіс», деді А. Әбдірахманов. Сондай-ақ, кездесу барысында есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі іс-қимыл жоспары қарастырылып, Кеңес хатшылығының жұмысын қамтамасыз етудегі бірқатар мәселелер талқыланбақ.