Қазақстан АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізу бойынша тәжірибесімен бөліседі

АСТАНА. KAZINFORM – 4-8 қараша аралығында Шымкентте қазақстандық мамандар Тәжікстаннан келген делегацияға Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды енгізу тәжірибесімен бөліседі. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

адам папилломасы вирусы
Фото: Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі

Іс-шараны ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесі және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тәжікстандық әріптестерінің өтініші бойынша ұйымдастыруда. Олар АПВ-ға қарсы вакцинациялауды жоспарлау және жүргізу тәсілдерін зерделеуге қызығушылық танытқан. Бұл шара әсіресе, Тәжікстанның АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағдарламасын енгізуге дайындығы аясында ерекше маңызға ие екенін атап өткен жөн.

Жұмыс сапары аясында АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізуге дайындық, ұлттық жоспарды әзірлеу бойынша тәжірибе алмасу, медициналық персоналды оқыту, коммуникациялық материалдарды әзірлеу үшін оқыту семинарлары өтеді. ДДҰ-ның Еуропалық аймағында, оның ішінде Қазақстанда, Тәжікстанда жатыр мойны обырының ауыртпалығы, АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін нысаналы топты таңдау негіздемесі, мектепте вакцинациялау стратегиясы, вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлердің АПВ-ға қарсы вакцинациялауға дайындығын сыртқы бағалау бойынша баяндамалар ұсынылуда.

Сонымен қатар, ата-аналардың АПВ вакцинациясына қатысты түбегейлі шешімге келмеуі, халық арасында түсіндіру жұмыстарын арттыру шаралары туралы зерттеу нәтижелерін талқылауға барынша көңіл бөлінуде.

Сондай-ақ, тәжірибе алмасу аясында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарындағы емханалар мен мектептерге танысу сапарлары жоспарланған.

Еске салсақ, елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек АПВ-ға қарсы вакцина алды.

Соңғы жаңалықтар