Қазақстан аралдық мемлекеттермен қарым-қатынасты дамытуға ниетті, олардың тұрақты дамуына мүдделі - ҚР СІМ

Шағын аралдық мемлекеттер алдында тұрған мәселелерді кешенді шешу жолдарын табуға бағытталған бұл іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, әлемнің барлық континентінен 100-ден аса мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары қатысуда.
Е.Ыдырысов конференция барысында сөйлеген сөзінде, «Қазақстан конференция мақсаттары мен мазмұнында аталған мемлекеттердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қауымдастықтың нақты шаралары белгіленген қорытынды құжатының жобасын толығымен қолдайды»,-деп атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның климаттың өзгеру мәселелеріне қатысты, баламалы энергия көзін дамыту салаларындағы бастамаларына ерекше тоқталды. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған дайындық жұмыстары бөлек назарға алынды.
Конференция аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің Австралия, Вануату, Кабо-Верде, Комор аралдары Одағының, Микронезия, Палау, Соломон аралдарының, Самоа Тәуелсіз мемлекетінің, Шығыс Тимора және басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың делегация жетекшілерімен кездесуі болып өтті.
Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерімен қатар, Қазақстанның маңызды сыртқы саяси бастамалары - 2017-2018 ж.ж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке еліміздің кандидатурасын алға тарту және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру шеңберіндегі өзара ықпалдастықтың болашағы талқыланды. Қазақстан мен БҰҰ Азия мен Тынық мұхит елдері үшін экономикалық және әлеуметтік комиссия бағдарламасы (ЭСКАТО) бірлесе отырып, Азия-Тынық мұхит өңірінің тоғыз аралдық мемлекеттеріне (Маршаллов аралдар, Микронезия, Науру, Палау, Папуа Новая Гвинея, Самоа, Соломонов аралдары, Тонга және Кирибати) электр қуатын өндіру мақсатында биогаз жүйесін инсталляциялауға көмек көрсетуді қарастыратын ортақ жобаны іске асыру маңыздылығы аталып өтілді.
Австралия Сыртқы істер министрі Джулия Бишоппен кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері мен екіжақты қарым-қатынастың жағдайы мен болашағы талқыға салынды. Алматы қаласында Австралияның AusTrade сауда өкілдігінің офисін және Қазақстанның Австралиядағы Бас консулдығын ашу туралы шешімдердің екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосар үлесі айтылды.
Ал Самоа Тәуелсіз мемлекетінің Президенті Туи Атуа Тупуа Тамасесе Эфи мен Премьер-Министрі Туилаепа Лупесолиали Саилеле Малиелегалоимен кездесуі аясында өзара ықпалдасу болашағы мен екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері қарастырылды.
Вануату Республикасының Сыртқы істер министрі Сато Килманмен өткен келіссөздер нәтижесінде ҚР СІМ мен Вануату СІМ арасында Техникалық ынтымақтастық пен дамыту бағдарламасы жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Шығыс Тимора Премьер-Министрі Хосе Луис Гиттьерреспен жүздесуінде БҰҰ аясында өзара ықпалдасу мәселелері, соның ішінде БҰҰ мыңжылдық даму мақсаттары шеңберінде 2015 жылдан кейін де мемлекеттердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері талқыға салынды.
БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі және БҰҰ Азия және Тынық мұхит өңірі (АТӨ) жөніндегі Даму Бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары Хаолянь Шумен келіссөздер барысында Е.Ыдырысов АТО елдеріне тұрақты даму мен энергияның балама көздерін қолдануын қамтамасыз етуде ықпал жасау бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Конференция шеңберінде 3 қыркүйек күні «Шағын аралдық мемлекеттер үшін энергия болашағы» тақырыбында арнайы тақырыптық сессия өтеді, оның аясында ЭКСПО-2017 жобасының таныстырылым болып, SIDS елдерімен қайта жаңғыртылатын энергия саласындағы ынтымақтастық болашағы қарастырылады.