Қазақстан архелогиясында әлі ашылмаған жаңалықтар көп – литвалық ғалым
ҚЫЗЫЛОРДА – KAZINFORM - Литвалық Гидре Мотузаите Матузевичюте Еуразия кеңістігіндегі ежелгі адамдардың тамақтану рационы және ауыл шаруашылығының дамуы мен таралуы туралы құнды зерттеулер жүргізіп келеді.

Бұл бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография ғылыми орталығы мамандарымен әріптестік байланыс орнатқан. Kazinform тілшісі литвалық ғалымды Қазақстан және Сыр өңірінің археологиясы жөнінде ой-пікірін білмек мақсатта әңгімеге тартқан еді.
- Алдымен өзіңізді таныстыра кетcеңіз. Қандай оқу орнында қызмет атқарасыз? Қай тақырыпта зерттеу жүргізіп келесіз ?
- Мен Литва астанасы Вильнюс қаласындағы университетте археология кафедрасының профессорымын. 2010 жылы Кэмбридж университетінде археология бойынша доктор дәрежеcін алдым. Жоғары оқу орнында «Биоархеологиялық зерттеулер орталығының» директоры қызметін атқарамын. Бірнеше ғылыми еңбектің авторымын, көптеген еуропалық ғылыми жобаларға жетекшілік жасадым.
Негізгі зерттеу нысаным Орталық Азия, Еуропаның батыс және шығыс аймақтарын қамтиды. Азық-түліктің жаһандануын және Орталық Азия ежелгі дәуіріндегі дәнді дақылдардың бейімделу мәселесіне назар аударамын. Орталық Азияның батыс қалалық аймақтарындағы ежелгі адамдардың бейімделуі мен шаруашылығына зерттеу жүргізіп келемін.
- Сіздің Орталық Азия мен Қазақстан аумағында жүргізген зерттеулеріңіз жөнінде ғылыми мақалалар рейтингі жоғары шетелдік журналдарда жарияланып жүр. Сізді бұл орайда қандай тақырыптар қызықтырады ?
- Мен ежелгі шаруашылық, экология, азық-түлік жүйелері, халықтың қозғалысы және оның себебін түсіну үшін пәнаралық әртүрлі әдістерді қолданамын. Сол үшін археологиямен қатар археоботаника, зоология, биохимия және физика саласында да жұмыс атқарамын. Командаммен бірге адам мен жануарлар қалдықтарына тұрақты изотоптар, ежелгі ДНҚ, палеопротеомика, қыш ыдыстар май қалдықтарын талдау және өзге де зерттеулер жүргіземін. Зерттеу барысында Литва, Чехия, Украина, Молдова, Қырғызстан, Қазақстан, Қытай, Бутан сынды көптеген елдерде жұмыс істеу бақыты бұйырды.
- Археология көптеген ғылымдармен тығыз байланыста дамып келеді. Соның ішінде Орталық Азия мен Қазақстан археологиясы жайлы қандай пікір айтасыз ?
- Мен археологияны өте қызықты пән ретінде бағалаймын. Біріншіден, бұл өте кең хронологияны алып жатыр. Ол екі жүз мың жыл бұрын Homo sapience пайда болғаннан бастап Екінші дүниежүзілік соғыс қалдықтары сияқты ең соңғы оқиғаларға дейінгі кезеңді қамтиды. Екіншіден, бұл - әдіснамалық тұрғыдан өте өзгермелі пән. Өйткені, ол спутникпен түсірілген сурет, қашықтан зондтаудан бастап биомолекулаларға дейін өте кең саланы қамтиды.
Қазір Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан археологиясы үлкен серпілісте даму үстінде деп бағалаймын. Мәселен, ескерткіштерді қазу ғана емес оны жаратылыстану ғылымы әдісі, оның ішінде химия, биология және өзге ғылым салаларымен байланыстыра отырып зерттеуде оң жетістік бар. Бүгінде ежелгі қазақ жерін мекендеген халықтардың тұрмыс-тіршілігі экономикасы жайлы көбірек ақпарат алуға мүмкіндік туды.
- Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография ғылыми орталығы мамандарымен әріптестік байланыс жасайтыныңыз жайында айтып өттіңіз. Осы жөнінде әңгімелей кеткеніңіз артық болмас.
- Иә, орталық мамандарымен әріптестік байланысымыз бар. Орталықтың ғылыми қызметкері, PhD докторант Ыслам Серікұлы Құрманиязовпен тығыз байланыстамын. Екеуіміз Арал маңы археологиясы тақырыбында зерттеу жасап келеміз. Көптеген жаңалығымыз бар. Сыр өңірінде бірнеше өркениеттің ескерткіштері кездеседі. Олардың көбі әлі күнге дейін сырын ішіне жасырып жатыр. Қазір бұл аймақта археологиялық зерттеулердің қарқын алғаны қуантады. Олардың арасында Арал маңының ежелгі және ортағасырлық қалалары, оның ішінде Бәбіш-молла, Мыңарал, ортағасырлық Жанкент және Қышқала қалаларының тұрғын үй жайлары бойынша қазба жұмыстары бар. Бұл археоботаникалық үлгілер Вильнюс университетінің зертханасында сараптамадан өтіп жатқанын айта кетейін.
Археология ғылымының археоботаника бағыты - археологиялық ескерткіштердегі өсімдіктердің қалдықтарын зерттеу. Мәдени қабаттарда көміліп қалған өсімдіктердің макро және микро қалдықтарын (жемістері мен ұрықтарын, таңбаларын, қалдықтарын) лабораториялық тұрғыда зерттейді. Зерттеу барысында аталған қалалар және Арал маңын мекендеген халықтың экологиясы, егін шаруашылығы, сол заманда өмір сүрген адамдардың диетасы, күнделікті тұтынатын тағамы, көршілес елдермен сауда қатынастары туралы ақпараттарға қол жеткізуге болады.
Осы орайда қазақ археологиясында елеулі еңбек етіп жүрген жас маман, PhD докторант Ыслам Серікұлы Құрманиязовпен әріптестік барысында ауқымды нәтижелерге қол жеткізе алдық. Ол археологиядағы ғылыми зерттеулердің құндылығын алғашқылардың қатарында түсінді. Оңтүстік-Батыс Қазақстаннан құнды археоботаникалық және зооархеология үлгілерін жинады. Оны біздің университет зертханасында кеңінен талдау жүргізуге жол ашты, осы бағытта ғалымдардың басын біріктірді. Мұндай экофактілер - құнды артефакт, тарихи мұрамыздың бір бөлігі. Олар ежелгі шаруашылық, күнкөріс стратегияcы, жануарларды басқару туралы баяндайды. Сондай-ақ, Оңтүстік-Батыс Қазақстанның құрғақ оазисінде адамдардың бұрын қалай өмір сүргені туралы хабардар ету үшін зор әлеуетке ие. Бұл - қазіргі климаттың өзгеруі тұрғысынан өте маңызды ақпарат. Қазіргі таңда осы алынған нәтижелерді рейтингі жоғары журналдарда ғылыми мақала ретінде ұсыну бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
- Алда қандай жоспарыныз бар? Қазақстан, оның ішінде Қызылорда қаласына келу жоспарыңызда бар ма ?
- Қазақстан - мен үшін археологиясы бай ел ғана емес, оған қоса өркениетке қадам басқан мемлекет ретінде қызықтырады. Онда кәсіби әріптестерім көп. Сондықтан Қазақстанға барғым келеді. Алайда, жұмысқа байланысты уақыт тапшылығынан жол түспей тұр.
- Жас ғалымдарға студент,магистрант, доктаранттарға қандай кеңес айтар едіңіз ?
- Археология - өткенді ғана емес, болашағымызды да түсіндіре алады. Бұл ғылымның аталған сатысы «үшінші ғылыми революцияны» бастан өткеруде. 20 жыл бұрын ғана ғылыми фантастика болып көрінген нәрсе қазір шындыққа айналуда. Біз өткенді қалпына келтіріп, ежелгі папуляцияының қалай қоректенгенін және қайдан келгенін айта аламыз. Болашақта аталған ғылымның дамуы одан әрі жеделдейді. Сондықтан қазір археологияны зерттеуге өте қолайлы уақыт. Мен жастарға көп оқуға, ізденімпаз болуға, шетелдік бағдарламалары шеңберінде ғылыми зерттеулер бойынша мүмкіндігінше көп білім алуға шақырамын.
- Әңгімеңізге рақмет.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада көне қалалардан Сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымы табылды.