Қазақстан арқылы 4 мемлекетке бағытталған ауған есірткісінің жолы кесілді

САМАРҚАНД. KAZINFORM — Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік орталығы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қытай, Азия және Еуропа елдеріне бағытталған есірткі трафигінің жолын кесу бойынша тиісті шаралар легін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан арқылы 4 мемлекетке бағытталған ауған есірткісінің жолы кесілді
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл туралы Самарқандта өтіп жатқан отырыста аталған орталықтың директоры Махмуд Хамидов айтты.

— Тек соңғы жылдары орталықтың үйлестіруінің арқасында құзыретті органдармен 33 халықаралық операция жүргізілді. Нәтижесінде 700 келіден астам есірткі тәркіленді, сондай-ақ қылмыстық топтардың 25 мүшесі ұсталды. Оның ішінде Қазақстан арқылы Испанияға, Польшаға, Италияға және Нидерландқа бағытталған ауған есірткісінің жолы кесілді. Мәселен, 2024 жылы ақпанда орталықтың үйлестіруі арқылы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті операция жүргізді. Тиісінше, синтетикалық есірткіні Алматыдан Амстердам арқылы Барселонаға жөнелтетін тұрақты дәліз анықталып, 10 келі метамфетамин тәркіленді. Сондай-ақ, топ мүшелері құрықталды. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де серіктестермен бірлесіп, Қытай, Азия және Еуропа елдеріне бағытталған есірткі трафигінің жолын кесу бойынша тиісті шаралар легі әзірленіп жатыр, — деді Махмуд Хамидов.

Қазақстан арқылы 4 мемлекетке бағытталған ауған есірткісінің жолы кесілді
Фото: Kazinform

Орталық директоры келтірген деректерге сай, биыл 9 айда ұйымға мүше елдердің аумағында 187 918 есірткі қылмысы тіркелген. 2024 жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда анықталған фактілер саны 13,4 пайызға артқан.

— Есепті кезеңде Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттерде 63 323 адам ұсталды. Есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан топтар жаңа жасырын тасымалдау және тарату схемаларын қолдана отырып, белсенділікті арттыра бастады. Өкінішке қарай, біз мұндай қылмыстардың барлығын уақтылы анықтауға қауқарлы бола алмай отырмыз, — деп мәселе көтерді орталық директоры.

Махмуд Хамидов мәлім еткендей, аймақта тек синтетикалық емес, сонымен қатар және өзге де жаңа психотропты заттардың жасырын зертханалары көбейе бастады. Биыл 9 айда орталыққа мүше мемлекеттердің аумағында 373 зертхана анықталды. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 42%-ға артқан.

— Нарықтағы сұраныс өскен сайын, есірткі өндірісі төмендемейді, — деп қорытындылады Махмуд Хамидов.

Айта кетейік, аталған орталыққа қазіргі уақытта 7 мемлекет — Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан мүше.

Еске салсақ, осы іс-шара барысында баяндама жасаған Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Баходир Ташматов Орталық Азия арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшірілуі мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар