Қазақстан арқылы жүк тасымалының жалпы көлемі 7,1% өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін бұдан да арттыру үшін ауқымды жоспар құрып отыр. Бұл туралы Көлік саясаты департаментінің директоры Дінмұхамед Сембаев айтты. 

жүк тасымалы, экспорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Бүгінде Қазақстанда кең ауқымды көлік қатынасы жүйесі қалыптасқан және ол әлемдік нарықтарға шығатын барлық негізгі халықаралық көлік дәліздерімен байланысқан. Қазіргі таңда 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль көлік дәлізі жұмыс істеп тұр, — деді ол Қазақстанның экспорттаушылар форумында.

Сондай-ақ спикер алдағы 5 жылда жүк тасымалы көлемін қазіргі көрсеткіштен 3 еседей арттыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

— Өткен жылы Қазақстан арқылы жүк тасымалының жалпы көлемі 7,1%-ға артып, 34,6 миллион тоннаны құрады (оның ішінде теміржол арқылы — 27,5 млн тонна, автокөлікпен — 6,7 млн тонна). 2030 жылға қарай бұл көлемді 100 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жаңа бағыттарды қалыптастырудағы маңызды рөлін және осы салада тиімді сервис құру жолындағы амбициясын айқын көрсетеді, — деді Дінмұхамед Сембаев.

Айта кетсек, Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға соңғы 15 жылда 35 млрд доллар инвестициялады.

Ал 2027 жылы Транскаспий көлік бағытының жүк өткізу көлемі 10 млн тоннаға жетеді.

Соңғы жаңалықтар