Қазақстан армиясы 30 жыл ішінде қалай дамыды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылған еді. Биыл оған 30 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің армиясында қанша адам қызмет етеді, олардың жалақысы қандай, қазақстандық бітімгерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған, саланы цифрландыру мәселесі қалай жүзеге асып жатыр, әлемдік рейтиңдегі Қазақстан, сонымен қоса кадр сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған шаралар жөнінде материал дайындадық. Толығырақ ҚазАқпараттың сараптама материалында.

Қазақстан армиясының құрылымы

ҚР Қарулы күштерінің құрылымы - Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштерінен тұрады. Қорғаныс саласындағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қарулы Күштердің, арнайы әскерлердің құрамына кіретін әскерлердің құрамы, аумақтық әскерлердің орналасу орындары анықталған. Бүгінде «саннан сапаға» көшу арқылы әскер құрылымы мен құрамын жетілдіру тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан армиясының Жоғарғы қолбасшысы – ел президенті.

Әлем және Қазақстандағы әскер саны

The Military Balance институтының дерегінше, 2021 жылы қарулы күштерінің (тұрақты әскерлерінің) саны бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 166 елдің ішінде 70-орынға тұрақтады. Рейтинг бойынша, еліміздің қарулы күштерінің тұрақты әскер саны 39 мың адамды құрайды. Ал Қарулы күштерге жатпайтын әскерилендірілген құрылымдарда 31,5 мың адам жұмыс істейді. Осылайша, елімізде 70,5 мың әскери қызметкер бар немесе ел халқының 10 мың тұрғынына есептегенде 38 адамнан келеді.

Жалпы Қарулы күштерінің саны бойынша алғашқы үштікте Қытай, Үндістан және АҚШ тұр. Ал ТМД елдерінің ішінде Ресей - 5-орынға, Украина - 21-орынға, Әзербайжан - 41-орынға, Өзбекстан - 63-орынға, Беларусь - 64-орынға, Армения - 66-орынға тұрақтаған.

Төмендегі инфографикада ТМД елдерінің Күштік құрылымында қызмет ететін адам саны мен әлемдік рейтиңдегі орны көрсетілген.


Жалпы 2021 жылдың үшінші тоқсанында мемлекеттік басқару және қорғаныс, сондай-ақ міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызметкерлердің саны 483,2 мың адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға аз.

Өңірлерге бөліп қарасақ, мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі Алматы облысында жұмыс істейді. Олардың саны - 72,9 мың адам. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы да алғашқы үштік қатарында. Ал мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында жұмыс істейтіндердің ең аз саны Маңғыстау облысында тіркелген.

Қорғаныс саласына қанша қаражат бөлінеді

2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, ҚР мемлекеттік бюджетінен қорғаныс саласына жұмсалған қаржаты бір жыл ішінде 10,9%-ға өсіп, 744,7 млрд теңгені құрады.

Оның барлық бюджеттік шығыстағы үлесі бір жыл ішінде өзгерген жоқ. Мәселен, 2020 жылы 4%-ды құраса, былтыр 4,1%-ды құраған.

Ал биыл күштік құрылымдарға 2,2 трлн теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Бұл туралы 5 мамырда өткен Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Оның сөзінше, күштік құрылымдарға қосымша 446 млрд теңге бөлінген, сөйтіп жалпы сомасы 2,2 трлн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ол саланың өңірлердегі жағдайын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.

«Барлық көзделген шығыстың 30%-ға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-ы бағытталатын болады»,-деп толықтырды министр.

Жалпы Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы әлем елдері қорғаныс саласына 2,113 триллион доллар жұмсаған. Ең көп қаражат жұмсаған алғашқы бестік қатарында АҚШ, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания және Ресей бар. Мәселен, Америка Құрама Штаттары өткен жылы аталған салаға 801 миллиард доллар жұмсады, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,4%-ға аз. Ал Қытай 2021 жылы шамамен 293 миллиард доллар жұмсады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға көп, ал Үндістан 76,6 миллиард доллар жұмсады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 0,9%-ға көп.

Ресей мемлекеті 2021 жылы әскери шығындарын 2,9%-ға арттырып, 65,9 млрд долларға дейін жеткізген. Ал өткен жылы Украинаның әскери шығындары 5,9 миллиард долларға азайған.

Жалпы бұл статистикалық көрсеткіштерден әлемді пандемия жайлаған тұста кей елдер қорғаныс саласына бөлетін қаржыны арттырса, кейбір мемлекеттер бірнеше пайызға азайтқанын байқауға болады.

Төмендегі кестеде 2021 жылы әскери салаға ең көп қаржы бөлген ТОП-10 мемлекеттің статистикасы берілген. Бұдан ТМД елдері ішінен Ресейдің ғана ТОП-10-қа кіргенін көруге болады.


Әскери техника мен қару жарақ: отандық өнімге басымдық беріледі

Қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи, жоғары технологиялық үлгілерімен техникалық және жауынгерлік жарақтандыру жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. ҚР Қарулы күштерінің компоненттерін дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға баса назар аударылуда. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов басым бағыттар бойынша әскери өнім атауларының тізбесі айқындалғанын, соның ішінде отандық өнімге басымдық берілетінін айтты. Оған майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар кіреді.

«Тізімде отандық кәсіпорындардан шыққан өнімге басымдық берілген. Бұл ретте импортқа тәуелділіктің төмендеуі, қару-жарақ пен техниканы қолдану бағасының, сапасы, өндіріс әлеуетін арттыру және тиісінше мемлекеттік қорғаныс тапсырысының уақтылы орындалуы басты шарт болып отыр. Бұл салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылуда», - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканың заман талабына сай түрлерін жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландырудың көбейетінін де атап өтті.

Цифрлы технологияны енгізу барысы

Әскери басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде Қарулы күштер қызметінің барлық салаларына цифрлы технологияны енгізу жалғасуда. Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бұған дейін енгізілген «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» жобасы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыруда және азаматтар үшін Қорғаныс министрлігі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде тиімділігін көрсетті. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берген.

Сала қызметкерлері қандай жалақы алады

2021 жылы саладағы орташа айлық жалақы бір жылда 15,9 пайызға өсіп, 206,9 мың теңгені құраған. Нақты жалақының өсімі 6,6% болған. Саладағы жалақы ҚР бойынша орташа деңгейден (орташа жалақы - 2021 жылы 243,7 мың теңге, 2022 жылдан бастап 285,5 теңге) айтарлықтай төмен.

Елордада мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында жұмыс істейтіндердің ең жоғары жалақысы 331,8 мың теңгені құрады. Үздік үштікке Алматы мен Қызылорда облысы да кірді. Ең аз жалақы Шығыс Қазақстан облысы қызметкерлеріне тиесілі, 177,4 мың теңге.

Кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

Қарулы күштерде офицер немесе сарбаз болсын, олардың әрқайсысы кәсіби тұрғыда оқытылуы, қамтылуы, моральдық-жауынгерлік рухы жоғары деңгейде болуы керек. Сондықтан кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылданып жатыр. Осы бағытта Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленген. «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгейлі жүйемен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтылған. Жетіспейтін мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша дайындық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында да ұйымдастырылған.

Қазақстандық бітімгерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған

Сұлтан Камалетдинов Қазақстан қазақстандық бітімгерлерге қосымша квоталар алуға, еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар бастама әзірленуде. Атап айтсақ, әскери қызметшілерге мерзімді қызметін атқару кезеңінде «несиелік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде сарбаздардың отбасыларына жеңілдіктер беру ұсынылады. Білім беру саласында жеңілдіктер беру және мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныстар да қарастырылған. Сондай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы аясында Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық бойынша мерзімді әскери қызметшілерді тракторшы, дәнекерлеуші, кран машинисі, электрик және т.б. мамандықтарға дайындап жатыр. Жастар әскерде қызмет ету кезеңінде Қарулы Күштер мен әскери бөлімдердің оқу-жаттығу орталықтары базасында кәсіп бойынша қажетті білім, білік және дағдыларды тегін алуға мүмкіндігі бар.

«Бұл ретте Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартуға, олқылықтар мен қайшылықтар туындаған әскери қызмет мәселелерін реттеуге бағытталған», -деп атап өтті ол.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы заманауи қоймалар мен әскери қоймаларды салуды, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік құралдарымен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жұмыс істеп тұрған қоймалардың жұмысын жетілдіруді көздейді. Бұл жұмыс мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қатысты белгіленген талаптар мен ережелерді мүлтіксіз орындауға негізделген. Сұлтан Камалетдинов мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерді қатаң сақталуы қадағаланатынын айтқан болатын. «Қоймалар айналасында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды құруға байланысты қатынастар заңнамалық деңгейде реттелгенін түсіну керек. Жергілікті атқарушы органдар бұл талаптарды қатаң сақтауға тиіс», - деді генерал-лейтенант.

Әскери доктринаны қайта әзірлеу жұмыстары

Мемлекет басшысы Қарулы күштерді реформалаудың басты міндетін нақтылап, оның мақсаты - армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру екенін атап өткен болатын. Жалпы негізгі бағыт пен тәсіл Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында айқындалған, ал реформалау бағыты Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасында жазылған. Қазіргі кезде салаға реформа жасау мақсатында әскери доктринаны қайта әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл Қарулы Күштердің құрамын, әскерді басқару, даярлау жүйесін жетілдіру, техникалық жабдықтауды арттыру, аумақтық қорғанысты, арнайы операция күштерін, қамтамасыз ету жүйесін, адами капиталды, әскери білім мен ғылымды дамыту, инфрақұрылымдық жобаны іске асыру, жарамсыз оқ-дәріні қауіпсіз сақтау, утилизация мәселесіне бағытталған.


Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар