«Қазақстан аруы – 2023» байқауының финалистері анықталды

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматыда 14 желтоқсан күні «Қазақстан аруы – 2023» ұлттық сұлулық байқауының финалы өтеді. Оған кастинг пен жартылай финалдың нәтижесінде іріктеліп шыққан 25 қыз қатысады. Олардың арасында өңірлік кезеңнің жеңімпаздары бар, деп хабарлайды Kazinform. 

Байқауға қатысушы аруларға келесідей негізгі талаптар қойылды: жасы 18-25 арасында, бойы 165 см-ден кем емес, ҚР азаматы, тұрмысқа шықпаған болуы тиіс. Сонымен қатар балалы болмауы керек.

«Не себепті мұндай параметрлер қойылғанын түсіндірейін. Бұл шарттарды біз өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. «Қазақстан аруы» байқауы үш халықаралық байқаудың, яғни «Әлем аруы», «Жер аруы» және «Ғалам аруы» байқауларының лицензиаты. Олармен жасасқан келісімшартта байқауды өткізу ережелері туралы лицензиялық құжат бар. Біз олардың талаптарына сүйенеміз және «Әлем аруы» байқауы сол параметрлер бойынша қабылдайды», - деп түсіндірді ұлттық сұлулық байқауының PR директоры Кәмшат Әкімқожа.

Байқауға қатысушы қыздар байқаудың ұйымдастыру комитетінің кастинг-бөлімінен іріктеліп алынды. Сайтқа еліміздің әр өңірінен 30 мыңға жуық өтініш түскен. Одан бөлек, ұйымдастырушылар параметрлерге сай келетін қыздарды әлеуметтік желі арқылы өз бетінше іздеп, шақырған. Нәтижесінде олардың ішінен 25 қыз жартылай финалға өткен. Олардың арасында өңір жеңімпаздары бар. 

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Филлер мен басқа заттарға келер болсақ, әрине ережеде қыздар татуажсыз, ұзартылған кірпіксіз, үлкейтілген ерінсіз болуы туралы жазылған. Біздің финалист қыздардың арасында жасанды көрінетін бірде-бір қыз жоқ, олардың барлығы өте сұлу… Сондай-ақ олардың көпшілігі бүгінде жақсы модельге айналған», - деді байқаудың кастинг-директоры, бұрынғы «Қазақстан аруы», «Алматы аруы» Диана Әбішева.

«Қазақстан аруы» байқауының президенті, байқаудың бұрынғы жеңімпазы Айдай Исаева филлерді енгізуге тікелей тыйым салынбайтынын айтты. Себебі әлемдік байқауларға кірпігі ұзартылған, жасанды шаштары бар көптеген қыздар қатысып жүр. 

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Біз алдымен сыртқы келбетке қараймыз. Қазір беттің, еріннің, симметриясы бар, егер сәл өзгеріс қосса байқалмай қалады. Керісінше әдемі болады, яғни аздаған түзетулерге тыйым салынбайды. Оның үстіне бізде косметология, дерматология өте жақсы дамыған, сондай-ақ шашты бояуға да тыйым салынбайды. Сондықтан толық тыйым салынған дүние жоқ. Егер жасанды екені көрініп тұрса, ол басқа сұрақ», - деді Айдай Исаева.

Биылғы байқау табиғатты сақтау контексі аясында «Болашақты қорға» ұранымен өтіп жатыр. Байқаудың финалы 14 желтоқсан күні Алматыда Республика сарайында сағат 20:00-де басталады. Мұнда алты номинация болады: Қазақстан аруы, Қазақстанның бірінші вице-аруы, Қазақстан Ғаламы аруы, Қазақстан Жер аруы, көрермендер көзайымы сыйлығы (байқаудың сайтында дауыс берудің қорытындысы бойынша) және Спортшы қыз номинациясы. Жеңімпаз «Қазақстан аруы – 2023» атағына ие болады, 5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болып, Қазақстан атынан «Әлем аруы» байқауына қатысуға мүмкіндік алады. 

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ұйымдастырушылар сондай-ақ төрешілердің құрамында өткен жылғыдай шетелдік әртістердің болмайтынын айтты. Олардың орнына отандық блогерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары шақырылмақ.

«Биыл өздерін жақсы көрсетіп, көрермендердің назары тек оларда болуы үшін қатысушы қыздарға мән береміз. Аудитория мен көрермендер біздің қатысушы қыздарымызды бағалағанын қалаймын», - деп түсіндірді Кәмшат Әкімқожа.

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Айта кетейік, сұлулық байқауының финалына Алина Имирова, Аяулым Әлімхалиева, Рабиға Насуруллаева, Аяулым Сәлімова, Севинч Тәжібаева, Сабина Идрисова, Дарья Подгорная, Наталья Петри, Мадина Әлмұханова, Аяна Нұрқасымова, Айша Нарымби, Тілекші Бисембаева, Ақтоты Жүнісбекова, Аделина Багумбаева, Айбарша Лекерова, Аяжан Жұмагереева, Диана Ербосын, Дарина Бәйдібекова, Яна Полыгалова, Аружан Қуатбаева, Мадина Ещанова, Карина Бримжанова, Ботагөз Нұржігітова, Анна Зорина мен Аружан Арыстан есімді арулар қатысатын болады. 

Қазақстан аруы
Фото: Александр Павский/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар