Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Күдіктіге қызметіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
— Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында ІІМ-нің әскери-тергеу бөлінісі қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Соттың санкциясымен ол қамауға алынды, — делінген хабарламада.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков болған еді.
Өткен сенбі, 3 қазан күні Мемлекет басшысының өкімдерімен Қанат Ниязбеков және Қорғаныс министрінің екі орынбасары қызметтерінен босатылды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын.