Қазақстан әскеріндегі жауынгерлік даярлық тәсілдері қалай өзгеріп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемдегі қақтығыстарды ескере отырып, Қазақстан әскеріндегі даярлыққа тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басқа мемлекеттердің қарулы күштері бұл салаға терең талдау жүргізіп, соғыс іс-қимылдарының барысын байқап отыр. Осыдан тиісті қорытындылар да жасалды. Бір-біріне ұқсас қарулы қақтығыстар болмайды, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан, біз де талдау жүргізіп, тиісті қорытындылар жасаймыз, жауынгерлік дайындық бағдарламасына өзгерістер енгіземіз», - деді Сұлтан Қамалетдинов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қашықтан басқарылатын дрондардың операторларына қатысты оқу-жаттығуларға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағытта елімізде олардың даярлығына баса мән берілген.

«Қазіргі кезде әлемдегі әскери қақтығыстарға қарасақ, ұшқышсыз аппараттар барлау қызметіне, соққы жасау іс-қимылдарына жұмылдырылып жатыр. Екіншіден, артиллерияның да мүмкіндігі зор. Жауынгерлік дайындық барысында артиллерия әскерлерін жұмылдыру ең кең тараған тәсілдердің біріне айналды», - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сұлтан Қамалетдинов қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік сатып алу бойынша тиісті жоспар бар екенін айтты.

Сонымен қатар, биыл әскери саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы өседі.

Министрдің орынбасары Қазақстанда жеке әскери компаниялар құрылмайтынын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар
telegram