Қазақстан астығы Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға экспортталады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан астығы қай елдерге экспортталатынын түсіндірді.

Harvesting
Photo credit: Kazinform

Бүгін Парламент Мәжілісінде биылғы астықты өткізу мәселесін талқылау кезінде депутаттар экспорт арнасын кеңейту үшін нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. 

Өз кезегінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қазір 20 млн долларға 5 шарт бекітілгенін айтты.

«Біз нарықтан аламыз, фермерге тікелей контракт ұсынамыз. Ешбір комиссиясыз әрі ақысыз түрде фермерлерге нарыққа шығуға көмектесеміз. Қазір біз қосымша 100 мың тоннаға Тәжікстан компаниясымен шарт бекітеміз. Менің ойымша, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін көлік шығындарын субсидиялау керек. Нарықты күшейту үшін астықты сыртқа шығару қажет. Ал астықты молынан шығару тұрғысында экспорттық субсидияны қарастырған жөн», - деді А. Джувашев.

Оның айтуынша, қазір Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан келіссөздер бекітілгенін, сондай-ақ енді Ауғанстанмен болады. Осы елдерге бір айда 250 мың тонна астық шығарылады.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға шамамен 1,5-2 млн тонна астық кететінін нақтылады.

«Батыс Ауғанстан мен Шығыс Иранға 1,5-2 млн тонна астық жөнелтіледі. Біздің дәстүрлі түрде жеткізілетін Орталық Азияға, көршілес елдерге 6-8 млн тонна кетеді. Мәселен, Өзбекстанға барып келдім, 3,5 млн тонна жіберуге келістік. Бұрын Қырғызстан 500 мың тонна алатын, кейінгі кездері ала алмай жүр. Бірақ біртіндеп алуды бастап жатыр. Қазір жақсы алып жатыр. Қытайға 2 млн тонна жібереміз. Бірақ жаңа маршрутаттар бар... Біз жылдың басында Иран нарығына қайтадан келдік. Ол жаққа апармағанымызға 3-4 жыл болды. Келер жылдың басында Синьцзянда (Қытай) кездесу болады. Ол жаққа өзім барамын. Гонгонктың басшысы мен СУАР-дың (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) басшысы болады. Үшеуміз осы тақырыпты талқылаймыз. Гонконг пен Вьетнамға (бидайды) апаратын жоспарларымыз бар, контейнерлер арқылы жеткіземіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

С. Жұманғарин сөзіне қарағанда, 2 млн 100 мың тонна астық 2 айда экспортқа шығарылған. Осындай тенденция бола берсе, болашақта 12 млн тонна экспортқа бағыттаймыз.

Соңғы жаңалықтар