Қазақстан астығының негізгі бөлігі қай елдерге экспортталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір астық экспорты қай елдерге бағытталып жатыр? 2024 жылғы астықтың қаншасы экспортқа шығарылды? Бұл сұрақтарға ҚР АШМ жауап берді.

— ҚТЖ деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 млн тонна астық тасымалданды (2023 жылы — 11,2 млн тонна), оның ішінде 2,5 млн тонна республика ішінде (2023 жылы — 2,2 млн тонна) және 8,1 млн тонна экспортқа (2023 жылы — 9 млн тонна) жөнелтілді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Елдер бойынша экспорт келесідей бөлінді:
— Өзбекстанға — 3,3 млн тонна, бұл 2023 жылғы деңгейден 5%-ға төмен (3,45 млн тонна);
— Тәжікстанға — 1,2 млн тонна, 2023 жылдан 20%-ға көп (1 млн тонна);
— Қырғызстанға — 140 мың тонна, 2023 жылдан 1,9 есе көп (73 мың тонна);
— Қытайға — 1,7 млн тонна, 11%-ға төмен (1,9 млн тонна);
— Ауғанстанға — 289 мың тонна, 2023 жылдан 36%-ға төмен (449 мың тонна);
— Иранға — 526 мың тонна, бұл 2023 жылдан 2 есе көп (245 мың тонна).
— 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында жаңа өнім астығының тасымалдау көлемі 5 млн тоннаны құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артты. Атап айтқанда, осы көлемнің 1,1 млн тоннасы республика ішінде тасымалданып, бұл көрсеткіш 27 пайызға өсті. Ал экспортқа 3,9 млн тонна жөнелтіліп, 2023 жылмен салыстырғанда 57 пайызға артық болды, — деп нақтылады ведомство.
Жаңа өнімнің астығын экспорттаудың өсуі бойынша келесідей көрсеткіштер тіркелді:
— Өзбекстанға — 45% (1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін);
— Тәжікстанға — 57% (404 мың тоннадан 633 мың тоннаға дейін);
— Ауғанстанға — 51% (126 мың тоннадан 190 мың тоннаға дейін);
— Қырғызстанға — 19% (63 мың тоннадан 75 мың тоннаға дейін);
— Қытайға — 10% (578 мың тоннадан 637 мың тоннаға дейін).
— Айта кету керек, биыл Қазақстан астығын Иран мен Әзербайжанға жеткізу қайта жанданды. Иранға экспорт көлемі 30,3 есеге артып, 15 мың тоннадан 455 мың тоннаға жетті. Әзербайжанға экспорт көлемі 188 мың тоннаны құрады (2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында жеткізілімдер болмаған), — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, былтыр Қазақстанда рекордтық көлемде астық жиналғанын жазған едік.
Сонымен қатар, Ресей арқылы Еуропаға бидай экспорттау көлемін ұлғайту жоспарланғаны белгілі болды.