Қазақстан атом энергетикасын үш есеге арттыру бастамасын қолдады: 2050 жылға дейін не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдік атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру жөніндегі жаһандық бастаманы қолдайтынын растады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров COP31 конференциясы аясында мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
12 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Франция павильонында «Declaration to Triple Nuclear Energy by 2050» атты іс-шара өтті. Іс-шара 2050 жылға қарай әлемдік атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру жөніндегі халықаралық бастаманы іске асыруға арналды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров қатысып, атом энергетикасын дамытудағы Қазақстанның рөлі және энергетикалық көшудің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәлімдеме жасады.
Өз сөзінде Министр Қазақстанның 2024 жылғы қарашада Бакуде өткен COP29 конференциясы аясында 2050 жылға қарай әлемдік атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру туралы декларацияға қосылғанын атап өтті. Бұл бастама елдің ұзақ мерзімді климаттық басымдықтарына, оның ішінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және жаңартылған ұлттық үлес (NDC 3.0) шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын қысқарту мақсаттарына сәйкес келеді.
Ә. Қуантыров атом энергетикасы жаңартылатын энергия көздерімен, энергия тиімділігін арттырумен және инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, сенімді төмен көміртекті энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге және экономиканы декарбонизациялауға елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.
Қазақстанның әлемдік атом саласындағы негізгі қатысушылардың бірі ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылды. 2009 жылдан бері еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші мәртебесін сақтап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі шамамен 25,8 мың тоннаны құрап, әлемдік өндірістің 40%-ға жуығына сәйкес келді.
Қазақстан 2027 жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Қазақстан үшін АЭС құрылысы — жаңа бағыт. Бұл атом саласының әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, елдің ғылыми және кадрлық әлеуетін дамытуға серпін береді, экономиканың жаңа салаларының қалыптасуына жол ашып, мультипликативтік әсер етеді.
Алғашқы АЭС құрылысы аясында жалпы электр қуаты 2,4 ГВт болатын екі энергоблок салу көзделген.
Сонымен қатар Қазақстан екінші АЭС құрылысына қатысты дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жобаларды әзірлеу кезінде техникалық, инфрақұрылымдық және экологиялық факторлар ескеріледі.
Ірі энергетикалық жобаларды іске асырумен қатар, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты, атап айтқанда, Франциямен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Франция Қазақстанның атом саласындағы бұрыннан келе жатқан серіктестерінің бірі болып табылады.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде экологиялық мониторинг, ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау, озық технологияларды енгізу, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибені қолдану белгіленді.
Қазақстан экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың жоғары стандарттарын сақтай отырып, төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі жаһандық күш-жігерге үлес қосуға дайын екенін растайды.
Министрдің сөзінде атом энергетикасын дамытудың барлық кезеңінде — уран өндіру мен ядролық отын өндірісінен бастап, атом электр станцияларын пайдалануға, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге және нысандарды пайдаланудан шығаруға дейін экологиялық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
— Атом энергетикасын дамыту экологиялық талаптарды сөзсіз сақтаумен қатар жүруі тиіс. Қазақстан үшін радиациялық және экологиялық қауіпсіздік, су ресурстары мен биоалуантүрлілікті қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен жұртшылықтың шынайы экологиялық ақпаратқа қол жеткізуі басым бағыттар болып қала береді, — деп атап өтті Министр.
Осыған байланысты қоршаған ортаға әсерді кешенді бағалаудың, жерасты суларының, ауа мен топырақтың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізудің, сондай-ақ ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттардың сақталуының маңыздылығы атап өтілді.
Уран өндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін өндіріс учаскелерін тиісті экологиялық қалпына келтіру қажеттігіне де ерекше назар аударылды.
Сөз соңында Министр 2050 жылға қарай әлемдік атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру мақсатына қол жеткізу үшін жаңа реакторлар салумен қатар, ядролық отын жеткізудің сенімді тізбектерін дамыту, инвестициялар тарту, технологиялық инновациялар енгізу және білікті кадрлар даярлау қажет екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін COP31 аясында Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы құны $1,2 млрд болатын келісімдерге қол қойғанын жаздық.