17:57, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш -жігерін қолдауға дайын - К. Мәсімов
ТЕГРАН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Ауғанстан экономикасын қалпына келтіріп, ондағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін қолдауға дайын.
Бүгін Иран астанасы Тегранда өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының 10-шы саммитінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемдік қоғамдастық Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру, ондағы жағдайды тұрақтандыру үдерісін айрықша бақылап отыр. Біздің ел Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге арналған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін қолдауға дайын және Ауғанстан Үкіметімен, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен серіктесе отырып осы елді қайта жаңғыртуға қолдау көрсету жұмысын жалғастыра беруге бейіл», деді саммитте К. Мәсімов. «Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі 2007 жылы Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдап, жүзеге асырғанын атап өткім келеді», деді ҚР Премьер-Министрі.