Қазақстан Ауғанстанға теміржол құрылысы материалдарын жеткізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз Ауғанстанға рельс, шпал басқа да теміржол құрылысына қажетті материалдарды жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлім етті.

— Иә, бізде мұндай жоба бар. Өздеріңіз білетіндей, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі өте перспективалы бағыт және Герат аймағындағы алғашқы учаскелердің бірі. Осы орайда рельс, шпал шығаратын отандық компанияларды қатыстыруды, яғни жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Мақсат Қалиақпаров елордада өткен «Көлік және логистика нарығы» VI халықаралық конференциясы және GLOBAL Avia DAY әуе тасымалдарын дамыту жөніндегі I халықаралық форумы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Ауғанстанда теміржол салған қазақстандық компания бар.
— Ол жақта жобасын жүзеге асырып жатқан отандық Integra компаниясы бар. Компания Ауғанстан мен Иран арасында Ауғанстан қаражаты есебінен теміржол салды. Бұл жоба іске асырылды және біз осы тәжірибені одан әрі қолдануды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде біз материалдарды жеткізу бойынша келіссөздер жүргіземіз. Бүгінгі таңда келіссөздер жүріп жатыр, бірақ іс жүзінде әлі құжаттар жоқ, — деп толықтырды министрдің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасында бірыңғай теміржол әкімшілігі құрылатыны туралы хабарлаған едік.