Қазақстан Ауғанстаннан берилий импорттауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстан Ауғанстаннан берилий шикізатын импорттауы мүмкін екенін мәлім етті. 

Қазақстан Ауғанстаннан берилий импорттауы мүмкін
Фото: «ҚазАтомӨнеркәсіп» баспасөз қызметі

— Біз шикізат қорын толықтыру мәселесінде Қазақстанда ғана шоғырланбай, әртараптануға талпынып жатырмыз. Атом энергетикасы саласына қажетті сирек металдар импорттау тұрғысынан Тәжікстан, Ауғанстан, Африка елдерімен байланыс орнатып бастадық.

Бірақ оның бәрі 1-2 жылдың ішінде бола салады деген сөз емес, бірте-бірте келеді. Ауғанстаннан берилий шикізатын алып келу мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз. Нақты көлемін қазір айту мүмкін емес. Өткенде бір рет өзім барып көріп қайттым. Одан кейін басқа да мамандар арнайы делегациямен барып қайтты. Ол елде бізге қажетті қосымша берилиймен қамтамасыз ете алатын көлем бар екеніне көзіміз жетіп отыр, — дейді ол.

Ұлттық компания басшысы Қазақстанның өзінде де берилийдің қосымша көзі бар екенін айтады.

— Одан бөлек Тәжікстанмен байланыс орнаттық. Тәжікстанда қазір зертханалық талдаулар жасап жатырмыз. Ал Руандамен келісімнің қай деңгейде екенін кешеден бері өздеріңіз де жазып жатырсыздар.

Негізі өз аумағымызда Нұратал, Қаражал сияқты берилий кеніштері бар. Бірақ оларды қашан болса да игеріп үлгереміз. Сондықтан әртараптануға талпынып отырмыз, — деді Мейіржан Юсупов.

Бұған дейін Қазақстан Руандадан берилий концентратын сатып алуды көздеп отырғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар