Қазақстан аумағында бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс жасалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір аптаның ішінде еліміздің аумағында 3 мыңнан астам қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан аумағында бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс жасалды

«Бір апта ішінде 3457 қылмыс жасалды, оның 2322 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 8 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 3 қарақшылық, 29 тонау және 541 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ресми өкіл министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Сонымен қатар ол Ішкі істер министрінің атына полицейлерге алғыс хаттар келіп түсіп жатқанын айтты.

«Ақмола облысының тұрғыны Ақкөл ауданының полиция инспекторлары Евгений Макагон мен Алмас Балмұхановқа өмірлік қиын жағдайда көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді. Ақкөлдік тұрғынға және оның қызына жоғалған жеке құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетілуі нәтижесінде әйелдің қызы уақтылы медициналық көмек алды. Келесі бір алғыс хатта алматылық зейнеткер аға жедел уәкіл Аяужан Жайбергенге ауыр қылмысты жедел ашудағы кәсібилігі үшін алғыс білдіреді», - деді ол.