14:48, 05 Маусым 2014 | GMT +5
Қазақстан аумағында бірлескен «Өзара іс-қимыл-2014» оқу-жаттығуы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Өзара іс-қимыл-2014» бірлескен оқу-жаттығуын дайындау бойынша штабтық келіссөздер өтуде.
«Өзара іс-қимыл-2014» бірлескен оқу-жаттығуы 2014 жылға арналған ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының басқару органдары және құралымдары бірлескен жедел және жауынгерлік іс-шаралары жоспарының шеңберінде өткізіледі.
Штабтық келіссөздердің екінші кезеңіне Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысып жатыр.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қою жоспарланған, деп хабаралайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, биыл жазда Қазақстан аумағында өтетін жыл сайынғы «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығуы бұған дейін Ресей, Тәжікстан, Армения және Беларусь елдерінің аумақтарында өткізілген болатын.