Қазақстан аумағында кездесетін омыртқасыз жан-жануардың тең жартысынан көбі әлі зерттелмеген ? Зоология институты директорының орынбасары

АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тау-тасымызда, дарқан даламызда жортқан аң мен ұшқан құс, әралуан өсімдік – біздің баға жетпес байлығымыз.
None
None
Бірақ осы байлығымызды танып-білу, сақтау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Ал ғалымдар Қазақстан аумағында кездесетін жан-жануарлардың азайып бара жатқан кейбір түрлері өзімен бірге тағы бірнеше түрдің жоғалуына себепші болатынын айтады. ҚазАқпараттың бүгінгі қонағы ҚР Білім және ғылым министрлігі Зоология институты директорының орынбасары, Халықаралық биологиялық бақылау қоғамының мүшесі, б.ғ.кандидаты Мұхтар Байжанов. - Мұхтар Құтымбетұлы, 1992 жылы маусымның 5-інде Рио-де-Жанейродағы конференцияда қабылданған Биологиялық әралуандықты сақтау туралы конвенцияға әлемнің өзге елдерімен бірге Қазақстан да қол қойғаны мәлім. Ол 1994 жылы тамыздың 19-ында Министрлер кабинетінің №918 қаулысымен мақұлданды. Қазір бұл саладағы ахуал қай деңгейде тұр деп ойлайсыз? - Биологиялық әртүрлілікті сақтау проблемасының күллі әлем елдерінің назарына іліккеніне қазір жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Әрбір биологиялық түрді жоғалту адамгершілік пен жалпы теориялық пікірлерге ғана емес, қоғамның экономикалық мүддесіне де нұқсан келтіретініне адамзат баласының толықтай көзі жетті. Еуразияның дәл кіндігінде орналасқан Қазақстанның табиғаты, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі алуан түрлілігімен ерекшеленеді. 1989 жылы шыққан Қазақстан фаунасының генофонды (зәузат қоры) кітабына омыртқалы жануарлардың 835 түрі енген болатын. Олардың 128-і жойылып, азайып бара жатқан және сирек кездесетін түр ретінде Қазақстан Қызыл кітабының төртінші басылымына енді. Оның 57-сі құстар, 40-ы сүтқоректілер, 18-і дөңгелек ауыздылар мен балықтар, 10-ы бауырымен жорғалаушылар, үшеуі қосмекенділер. Ал омыртқасыз жәндіктерден 40-50 мыңдай түрі (өрмекшілер, кенелер, моллюскалар, құрттар және тағы басқалар) анықталған. Мамандардың айтуынша, анықталмағаны бұдан екі есе көп. Оны біздің ғалымдардың жыл сайын оншақты жаңа түрді тауып жатқанынан да айқын аңғаруға болады. - Елімізде оларды зерттейтін қанша ғылыми орталық бар? - ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайтын Зоология институты Қазақстанның жабайы жануарлар дүниесін зерттейтін бірден-бір институт болып табылады. 1932 жылы құрылған бұл институт өткен жылы 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұрын ол ҚР Ұлттық ғылым академиясына қарайтын ғылыми мекеме болған. Соңғы 10 жылдың шамасында Білім және ғылым министрлігінің қарамағына ауысты. Институт құрамында 7 зертхана бар. Онда - тұяқты аңдар, құстар, суда тіршілік ететін жәндіктер, жануарлардың ауру тарататын паразиттері, қансорғыш жәндіктер мен биологиялық бақылау жүргізетін және ерте замандағы жануарлар дүниесі зерттеледі. Алайда соңғы 20-25 жылдың ішінде қаржы тапшылығынан ғылыми зерттеу жұмыстарын толыққанды жүргізу қанағаттанарлықтай болмай отыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, еліміздегі жануарлар дүниесін толық танып-білу үшін ең кемінде 50-60 жыл керек шығар. Қазір біз өз шама-шарқымызға қарай жаңадан анықталған түрлердің таралуы, санының өсуі мен кемуіне орай табиғаттағы әртүрлі қазба байлықтарды игеруден болатын антропогендік әсерлерді бақылап отырамыз. Соның негізінде ғылыми мағлұматтарды Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Денсаулық сақтау минстрліктері мен басқа құзырлы мекемелерге жібереміз. Алынған бұл мағлұматтар Қазақстанның ішінде, не шет елдердегі белгілі ғылыми жұрналдарда мақала, жылдар бойы жиналған жинақ материалдар, монографиялар түрінде жарық көруде. - Тәуелсіздіктен кейін институт алыс-жақын шет елдермен тіке байланыс жасауға мүмкіндік алған шығар. Қазір бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? - Оныңыз рас. Бұрын халықаралық ғылыми конференцияларға және шетелдік басылымдарға материал жариялау мүмкіндігі Мәскеу, Петербор және Новосібір ғалымдарында ғана болды. Еліміз тәуелсіздік алып, оны әлем мойындағаннан кейін Қазақстан ғалымдарының еңбектері шетелдерге таныла бастады. Оларды шетелдік әріптестері бірге жұмыс істеуге шақырып, түрлі конференцияларға қатысып жүр. Мәселен, соңғы 2-3 жылдың өзінде ғалымдарымыз 20 шақты халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Қазіргі таңда біздің институт Англия, АҚШ, Германия, Жапония, Италия, Израиль, Швейцария, Франция, Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты елдермен тығыз байланыс орнатқан. Олармен кейбір жұмыстарды бірге атқарып, істеген жұмыстарымыз туралы ғылыми деректермен алмасамыз. Сондай-ақ жас мамандарды бір-бірімізге тәжірибе алмасуға жіберіп отырамыз. Жалпы Кеңес дәуірінде біздің институт беделі бойынша Ресей мен Украина елінен кейін 3-ші орынды алатын. Қазір де сондай дәрежедеміз. Бүгінгі таңда институтта 3 академик, 17 ғылым докторы, 57 ғылым кандидаты бар. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде шетелдермен 20 шақты бірлескен ғылыми жобалар жасадық. Оның ішінде Англия, Германия, АҚШ, Жапония сияқты дамыған елдер бар. Олар біздің ғалымдардың еңбектерін біліп, таныған соң бірлесе жұмыс істеуге ықылас білдіріп отыр. - Институтқа жас ғалымдарды тарту қалай жүріп жатыр? Қазіргі кезде қызметкерлеріңіздің орта жасы қанша? - Кеңестік дәуірде институттағы 15 зертханада 350 адам істейтін. Соңғы он сегіз жылда оңтайландыру мен қысқартудың бірнеше кезеңінен өттік. Зертханалар саны қазір жетіге дейін қысқарып, қызметкерлеріміз де 128 адамға дейін азайып кетті. Қолайлы жағдай болмаған соң жас ғалымдардың көбі бизнеске кетті. Қызметкерлердің орта жасы қазір 50-дің үстінде. Жыл сайын университет, институттардан, ғылыми орталықтардан биология, зооология салаларына қызығатын жастарды, оның ішінде ұлттық кадрларды шақырып жатырмыз. Бірен-сараны келеді де баспанасы жоқ, жалақысы аз болған соң тұрақтамайды. Соған қарамастан, соңғы 5 жылда 12 аспирант жұмысқа қабылданып, төрт ғылым кандидаты, екі ғылым докторы әзірленді. - Қазақстан аумағындағы жойылып бара жатқан және сирек кездесетін жан-жануарлардың түрін қалай анықтайсыздар? - Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 3 Қызыл кітап шыққан. Оның бірінші басылымы - 1978 жылы, екіншісі - 1991 жылы, үшіншісі 1996 жылы басылды. Төртіншісінің алғашқы нұсқасы былтыр жыл соңында шықты. Оған тапсырыс берген мекеме ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті. Жалпы, бұрынғымен салыстырғанда, Қызыл кітапқа кірген түрлер әр басылым сайын көбейіп келе жатыр. Мысалы, 1996 жылы шыққан басылымға омыртқалы жануардың 125 түрі кірген еді. Бұл басылымда оның саны 128-ге жетті. Ал Қызыл кітапты біз Үкімет қаулысы бойынша 10 жылда бір рет шығарамыз. Соңғы басылымға кірген жан-жануардың тізімі 2006 жылы үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілді. Алайда тапсырыс кеш берілгендіктен, олар жаңартылған жоқ. Менің пайымдауымша, құстардың ішінде кейінгі кезде азайып бара жатқан түрлер бұдан көбірек болуы мүмкін. Бұрын ерте көктемнен бастап, күзге дейін тау-тасты кезіп, іссапарға көп шығатынбыз. Қазір көсіліп зерттейтін мүмкіндік болмай қалды да, көліктің табылуы мен бөлінген қаржыға байланысты қызметкерлеріміз ары кетсе 1-2 айға ғана үзіп-үзіп шығып келеді. Көбіне бірлескен жобалармен жұмыс істейміз. - Жалпы Қазақстанның географиялық жағдайы әр өңірде әртүрлі. Соған сәйкес, онда тіршілік ететін жан-жануарлар да көп жағдайда бір-біріне ұқсай бермейді. Қазақстанның Қызыл кітабын жасаған кезде бұл жағдай қаншалықты ескеріліп жүр? - Шынында да Қазақстан Қызыл кітабында жойылып бара жатқан және сирек кездесетін жан-жануарлар жалпы территория бойынша берілетін болса аймақтарда ол нақтырақ, дәлірек болады. Бір өңірде ғана кездесетін түрлерді дәйекті түрде, түбегейлі зерттеу нәтижесінде ғана жергілікті басшылық орындарына, табиғат қорғауға қатысы бар мекемелерге нақты ұсыныс жасауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ бұл кітаптардың жалпы білім беру мекемелерінде балаларды тәрбиелеуде де маңызы зор деп ойлаймын. Өзі туып өскен өлкенің жануарлар дүниесін жақсы білгеннен кейін олардың оны қорғауға ынта-ықыласы бұрынғыдан да арта түсері күмәнсіз. Егер баланы жастайынан тәрбиелесеңіз, туған жерінің табиғатына, жан-жануарларына деген жанашырлық қамқорлық сезімі оның бойында ерте қалыптасады. Сол себепті бұл іс 2003 жылы институт басшылығына ҚР ҰҒА академигі Әлихан Мелдебеков келгелі бері қолға алынып жатыр. Оның ең алғашқы нәтижесі 2006 жылы жарық көрген Алматы облысының жануарлар дүниесінің Қызыл кітабы. Қазір басқа облыстардың басшылары мен табиғат қорғау мекемелерінен осы кітапты жалғастырсаңыздар деген ұсыныстар түсіп жатыр. Соның бірі Маңғыстау облысымен жасалып, былтыр бағдарлама әкімшілік басшыларына тапсырылды. Биылғы жылдың бюджеттік есебіне кіргіземіз деген уәделері бар. Егер бюджетке кіргізіп, қаражат бөлетін болса, жыл соңына қарай, болмаса келесі жылы шығуы мүмкін. - Алматы облысының Қызыл кітабы ең бірінші боп шығуын ондағы құзырлы орган басшыларының белсенділігі деуге бола ма? - Мұны Алматы қаласының ұзақ уақыт бойы астаналық облыстың орталығы болуымен байланыстырған жөн шығар. Ғалымдардың көпшілігі осында тұрған соң, Алматы облысы әлі күнге дейін өзгелерге қарағанда толығырақ зерттелген аумақ болып саналады. Сондықтан, мағлұматтар да жеткілікті, дайындығы да зор болды дегендей. Басқа аймақтар бұрын көп зерттелген жоқ. Алматы облысының Қызыл кітабында омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлар бірге топтастырылып берілді. Оған омыртқалылардың 124, ал омыртқасыздардың 94 түрі енген. -Дегенмен, кітаптың таралымы аздау болған сияқты ғой? - Біз тек тапсырысты орындаушымыз. Таралым мәселесін бізге тапсырыс берген құзырлы мекемелер өздері шешеді. Көп жағдайда олар мың данамен жарық көріп, тез таралып кетеді. Оны қайта бастыруға қаражаттың тапшылығы қолбайлау болуда. Мәселен, Қазақстан Қызыл кітабының мектеп жасындағы балаларға ықшамдалып жасалған нұсқалары бар. Олар құстарға, аңдарға арнап шығарылады. Алайда бұл кітаптар әлі күнге дейін жүйелі түрде тұрақты шығарылып жатқан жоқ. Тіпті телеарналар мен радиоларда да қазірге дейін бірде-бір арнайы бағдарлама жоқ. Ал мерзімді басылым туралы тіпті айтпаса да болады. Бізде көп жағдайда мәселенің бәрі қаржыға келіп тіреледі. Егер шындап көңіл бөлінетін болса оны шешуге болады. Оған ешкім жеткілікті дәрежеде мән беріп, ден қоймауда. - Әңгімеңізге рахмет.
Соңғы жаңалықтар