Қазақстан аумағында қызмет ететін шетелдік ұйымдар өз туларымен қатар қазақтың көк байрағын да ілуге міндетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында қызмет ететін шетелдік ұйымдар өз туларымен қатар қазақтың көк байрағын да ілуге міндетті. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Василий Порубаймех айтты.
None
None

Оның атап өтуінше, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы әзірленіп, Оған Елбасы Н.Назарбаев бүгінгі күні қол қойған. «Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жайына тоқталар болсам, 4 бапқа түзету енгізілді. Құжатта мемлекеттік рәміздерді қолдану тәжірибесін кеңейту мақсатында мемлекеттік заңды тұлғалардың, сонымен қатар ұлттық компаниялардың, холдингтердің, Қазақстан Республикасы жалғыз акционер болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестердің мемлекеттік символикаларға арналған экспозициялары үшін арнайы үй-жайлар бөлу қарастырылған», - деді ол. Комитет төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, экспозицияда мемлекеттік рәміздерді дайындау тарихы, олардың авторлары жайындағы ақпараттар болады. «Заңның тағы бір жаңа нормасына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар өз туларын ҚР Мемлекекеттік туымен бір мезгілде орналастыруға міндетті», - деді В.Порубаймех .Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, құжатта мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін кеңейту, насихаттау және оларды қолдану жөніндегі Үкіметтің және уәкілетті органның құзырын нақтылау, ҚР-ның мемлекеттік рәміздері күнін атап өтудің ережесін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар