Қазақстан ауылшаруашылық салаларын тиімді орналастыруды 2020 жылы аяқтауды жоспарлауда
Бұл туралы бүгін ҚР АШМ-де өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАгроИнновация» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Әзімхан Сатыбалдин мәлім етті. Оның айтуынша, картаны әзірлеуге республиканың жетекші аграрлық ғалымдары мен өндіріс мамандары қатысты. Бұның нәтижесінде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді оңтайлы пайдалану мақсатында ҚР-ның мамандандыру картасы ұсынылып отыр.
«Бүгінгі күні ең бастысы еліміздің ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті ету мақсаты тұр. Осы орайда, субсидия, кепілдік несие беру, инфрақұрылымды дамыту сынды мемлекеттік бағдарламалар карта аясында рентабельділігі жоғары жобаларға бөлінетін болады. Ал ол жобалар әр аймақтар бойынша аталмыш схемада көрсетілген, картаның мақсаты да сол - ауылшаруашылық салаларын тиімді орналастыру, аймақтарды өзіне сай кәсіптерге мамандандыру болып табылады», - деді ол.
Құзырлы компанияның өкілінің сөзіне қарағанда, жергілікті табиғат ресурстарын ұтымды пайдалануға аталмыш карта мүмкіндік береді. Бұл картаның негізінде табиғаттық-климаттық, жауын-шашын деңгейі, топырақтың құнарлығы, өсімдіктің өсу мерзімі, температуралық жиынтығы, жайылымдық жерлерді қолданудың мерзімдік ұзақтығы, жерлерді суландырудың жарамды су көздері сынды факторлар ескерілді.
«Схема аясында әр әкімшілік аумақ үшiн өнімнің нақты түрлерін өнеркәсiптiк өндiру ұсынылады. Мысалы, схема шеңберінде сүтті мал шаруашылығын Маңғыстау облысының нашар азық базасы бар құрғақ аудандарында, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының көптеген аудандарында дамыту тиімді емес. Өсімдік шаруашылығы саласында, мәселен, жүгеріні дәнге өндіру үшін елдің оңтүстігінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының көптеген аудандарында өсіруге болады», - дейді ол.
Схеманы енгізу үдерісі облыстардың даму бағдарламаларымен қарастырылып, 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс.