Қазақстан автокөлікпен Еуропаға жүк жеткізу үшін балама бағдар қарастырып жатыр

Қазақстан автокөлікпен жүк тасымалдау үшін Ресей мен Беларусьты айналып өтетін балама бағдар қарастырып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

фура
Фото: freepik.com

«Соңғы жылдары автотасымалдың оң серпіні Еуропа елдерімен экспорт/импортта да байқалуда. Өткен жылы осы бағыттарда қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 13 пайызға өсіп 48 пайызға жетті. Бұл ел экономикасына шамамен 80 млрд теңгедей қосымша түсім әкелді. Алайда, бүгінгі таңда Беларусь пен Еуропа елдері арасындағы орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункттері жабылған. Беларусь тарапының ақпараты бойынша еуропалық пункттер жалпы қуатының 40 пайызымен ғана жұмыс жасауда», - деді Сәтжан Аблалиев.

Оның атап өтуінше, бұл жағдай қазақстандық автокөлік құралдарын Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ мерзім тоқтап тұруға мәжбүр етеді.

«Сондықтан жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түрікменстан мен Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету мақсатында келіссөздер жүргіздік. Бұл бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімінің артатынын атап өткен жөн. Алайда, аталған бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ Еуропа елдері Ресей мен Беларусь шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут саналады»,- деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар