Қазақстан әйелдер құрамасы арбадағы теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының Корея Республикасымен елордада 16-17 қарашада өтетін плей-офф матчына дайындалып жатыр. 

Теннис
Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясы арбадағы теннисшілер үшін шеберлік сағатын ұйымдастырып, оған Юлия Путинцева, Анна Данилина, Зарина Дияс, Соня Жиенбаева және Сандуғаш Кенжебаева қатысты.

Арбадағы теннисшілер ұлттық құрама мүшелерімен жеке-жеке айналысып, ойын техникасы бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Жаттығудан кейін қолтаңба алып, суретке түсті. 

Құрама мүшелері арбадағы теннисшілерге ақыл-кеңестерін берді. Мұндай шеберлік сағаты арбадағы тенниспен айналысушылар қатарын көбейтуге септігін тигізеді.

Ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина әуе рейсінің кідіріп, Астанаға кеш ұшып келуіне байланысты бұл іс-шараға қатыса алмады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғаш рет ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар