Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия сериясы кезеңінде жүлдеге бір қадам жетпей қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әйелдер құрамасы регби-7-ден Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен Азия сериясының кезеңінде төртінші орын алды.

Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия сериясының кезеңінде төртінші орын алды
Фото: ҚР ҰОК

Топтық кезеңде қазақстандық регбишілер Қытай құрамасына 7:31 есебімен есе жіберді. Кейін Шри-Ланка (32:5) мен Өзбекстан (36:0) құрамаларын жеңді.

Ширек финалда Қазақстан құрамасы Таиландтан 10:5 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Алайда бұл кезеңде Жапония құрамасына 5:42 есебімен жол берді.

Қола медаль үшін өткен кездесуде қазақстандықтар Гонконг құрамасына қарсы ойнап, 5:14 есебімен жеңіліп қалды.

Турнирде Жапония құрамасы жеңімпаз атанды. Финалда жапониялық регбишілер Қытай құрамасын 14:7 есебімен жеңді.

Еске салайық, бұған дейін Диас Кенжебек пара жүзуден Азия рекордын жаңартып, құрлықтық доданың чемпионы атанғанын хабарлаған едік.