Қазақстан әйелдер құрамасы шорт-тректен төрт құрлық чемпионатында үздік үштікке енді

Канаданың Лаваль қаласында шорт-тректен өткен төрт құрлық чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы үздік үштікке ілікті, деп хабарлайды Kazinform. 

Қазақстан әйелдер құрамасы шорт-тректен төрт құрлық чемпионатында үздік үштікке енді
Фото: Максим Лозовой

Қазақстандық қыздар 3 мың метрлік эстафета жарысында 4:16.200 нәтижемен мәре сызығын үшінші болып қиды. Ел намысын Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Мәдина Жанбосынова және Ольга Тихонова қорғады.

Канадалықтар (4:14.513) жеңімпаз атанса, оңтүстіккореялықтар (4:14.567) күміс жүлдеге қол жеткізді. Төрт құрлық чемпионатына Еуропа құрамалары қатыспайды.

Шорт-тректен БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовойдың нақтылауынша, айтулы додада Аргентина, Аустралия, Канада, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, АҚШ және Қазақстан шорттрекшілері бақ сынады.

Қазақстан төрттігінің құрамында батысқазақстандық Алина Әжіғалиева да өнер көрсетті. Алина Әжіғалиева 2005 жылы 8 қазанда Орал қаласында дүниеге келді. Шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2020-2023 жылдар аралығында ҚР спартакиадасының жеңімпазы, ел біріншілігінің жүлдегері атанып үлгерді. Сондай-ақ 2023 жылы қысқы универсиаданың қола жүлдегері болды.

«Алина енді Нидерландта Леуварден қаласында жастар арасында өтетін әлем кубогі кезеңіне қатысады», - деді М.Лозовой.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен Қазақстан құрамасының әлем кубогі кезеңінде қола жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар