Қазақстан әйелдерінің 47% бизнеспен айналысқысы келеді – зерттеу

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлік саласында белсенділігі төмен екені байқалады: әйелдердің 30% және ерлердің 70% шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұл деректі Қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Ольга Николаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біздің қоғамда әйелдерге қатысты жағымсыз гендерлік стереотиптер әйелдердің көпшілігінің мансаптық өсуіне кедергі келтіреді. Бұл жүйе әйелдерді мансап сатысында ілгерілетуді, олардың саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне қатысуды және түрлі салалардағы әйелдердің өзін-өзі дәлелдеуді қиындатады. Кемсітушілік көзқарастар мен гендерлік стереотиптер салдарынан әйелдер белгілі бір дәрежеде жоғары саяси позициялардан оқшауланып қалған», - деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы гендерлік саясаттың ерекшеліктеріне арналған брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлік белсенділік деңгейі төмен, сондықтан әйелдердің 30 пайызы, ерлердің 70 пайызы ШОБ-қа тартылған.

Гендерлік негізде жалақының алшақтығы, басшылық лауазымдарда ерлермен салыстырғанда әйелдер санының аздығы байқалады.

Сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат кеңінен таралмаған.

«Әйелдердің күйеулеріне немесе азаматтық күйлеулеріне экономикалық тәуелділігі жиі кездеседі. Тіркелген немесе азаматтық некеде тұратын әйелдердің шамамен 10% экономикалық тұрғыдан жұбайларына тәуелді. Жаппай сауалнамаға сәйкес, әйелдердің 47,3% өз ісін ашып, бизнеспен айналысқысы келеді. Өз ісін ашуға кедергі келтіретін ең көп таралған себеп ретінде әйелдер қаржы тапшылығын (64,7%), тәжірибенің, білімнің жетіспеушілігін (33%) және қорқынышты (22,4%) атаған», - деді О. Николаева.

Бұл ретте О. Николаева әйелдерге арналған тәлімгерлік институтын кеңейтуді, экономикалық қолдаудың қолжетімді шаралары мен оларды алу жолдары туралы хабардар етуді ұсынды.

Сондай-ақ мемлекеттік балабақшалар желісін кеңейту, тегін немесе жеңілдікті негізде қосымша кешкі топтар есебінен олардың жұмыс уақытын ұзарту ұсынылады.

Бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова елімізде әлі де гендерлік алшақтық бар екенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар