Қазақстан азаматы Камалутин Халиковқа Қырғызстанда іздеу жарияланды

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қылмыстық авторитет Қ.Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғаны үшін Қазақстан азаматы Камалутин Халиковқа іздеу жариялады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қазақстан азаматы Камалутин Халиковқа Қырғызстанда іздеу жарияланды
Фото: instagram.com/novosti.karaganda

ҰҚМК мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша тіркелген сотқа дейінгі іс жүргізу материалдары бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Ағайындылар ортасы» халықаралық қылмыстық тобының құрамында болған «заңдағы ұры» Қ.Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық тобының қызметін Қарағанды облысының бокс федерациясының президенті, құрылыс саласындағы кәсіпкер Камалутин Магомедович Халиковтің (бұрын Қазақстан Республикасының аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына контрабандалық жолмен тауар өткізумен айналысқан) қаржыландырғаны туралы фактілер анықталды.

— Аталған тұлға Қ.Асанбектің қылмыстық қоғамдастықтың құрамында кәсіпкерлерден рэкет, бопсалау, алым-салық түріндегі заңсыз әрекеттерінен жүйелі түрде ақшалай қаражат алу бойынша қылмыстық әрекетін, сондай-ақ «кісі өлтіру», «кісі ұрлау», «қылмыстық ұйымдасу» баптары бойынша ауыр және аса ауыр қылмыс үшін бірнеше рет сотталғанын біле тұра Қырғыз Республикасының аумағында бірлескен бизнес жобаларын жүргізу үшін қолдау алу мақсатында «заңдағы ұры» Қ.Асанбекпен байланыс орнатқан, — делінген хабарламада.

Атап өтілгендей, іздеудегі азамат Ыстықкөл облысында орналасқан «Барс» демалыс орталығының аумағында Қ.Асанбекпен бірнеше рет бірге демалып, кездескен.

Қ.Халиковқа қатысты Бішкек қаласының Октябрь аудандық сотының қаулысымен сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оған іздеу жарияланды.

Бұған дейін Ресейде Қамшы Көлбаевтың оққағары ұсталғанын хабарлаған болатынбыз

Еске сала кетсек, 2025 жылдың мамырында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековке Қ.Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғаны үшін іздеу жариялады

Соңғы жаңалықтар