Қазақстан азаматтары Беларусь елінде тіркеусіз отыз күн бола алады - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтарының Беларусь Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
None
None

Аталған келісімге 2013 жылдың 4 қазанында қол қойылған. Келісім Қазақстан мен Беларусь азаматтарының тараптар аумағында өздері кірген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде құзыретті органдарда міндетті түрде тіркелместен болуының оңайлатылған тәртібін белгілеуге бағытталады.

Бұл ретте азаматтардың уақытша болу мерзімі сол мемлекеттің аумағына кірген кездегі шекара қызметі қойған белгісі бар көші-қон картасымен расталып, мемлекетке кірген күннен бастап есептеледі. Ал азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі отыз күннен асып кеткен жағдайда сол елдің заңнамасына сәйкес, құзыретті органдарға тіркелуге міндетті болады.

«Қазақстан Кеден одағының аясындағы мемлекеттермен интеграцияны одан әрі дамытып жатыр. Беларусьтен бөлек, Қазақстанның Ресеймен арасында осындай келісім жасалған болатын. Құжат екі елдің азаматтары үшін теңдей тәртіппен қолданылады. Өз кезегінде интеграция үдерісі еңбекші көшіп-қонушылардың жүріп-тұрулары үшін барлық кедергілерді жоюға ықпал етеді. Ал заңды қабылдау Қазақстан азаматтарының Беларусьте болуын жеңілдетіп, сауда-экономикалық, инвестициялық климатты жақсартады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.

Еске салайық, бұндай тіркеусіз болу мерзімі бұған дейін бес күнге белгіленген болатын.

Соңғы жаңалықтар